ШЫМКЕНТ: 7 282 ЗЕЙНЕТКЕР ШИПАЖАЙҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

25
Шымкент қаласында зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» мекемесі шипажай қызметін көрсетеді. Бозарық шағынауданында орналасқан 120 орынды сауықтыру кешенінде зейнеткерлер 10 күн бойы 25 түрлі ем ала алады.
Мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалған: күніне төрт мезгіл ыстық тамақ, таңертеңгі емдік дене шынықтыру, түрлі тренажерлар, құрылғылар, дәрігердің тағайындауына сәйкес электромагнитті терапия, сумен емдеу, дәрілік шөптер шайы.
Зейнеткерлерге жолдама беру geo-shym.kz сайты арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазір кезекте 29 мыңға жуық зейнеткер тіркелген.
Қала әкімінің бастамасы және мәслихаттың шешімі бойынша биыл 5 500 зейнеткерге шипажайға жолдама қарастырылған. 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, 4 982 жолдама еңбек ардагерлеріне табысталды.
Ал «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде биыл 2 332 зейнеткер ем-сауықтыру қызметін алды. Жалпы, қала бойынша 7 282 зейнеткер қамтылып отыр.
Advertisements