ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫНА 27 МЫҢ ТОННА КӨКӨНІС ӨНІМІН БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.
Сенаторлар Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ң жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс өнімі. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттары.
Жобаның құны 42 млрд теңгені құрайды және «Қазақстан Даму Банкі» тарапынан 23,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданған. Қазіргі таңда 8 бөліктен тұратын кешенге жалпы қуаттылығы 14 МВт болатын 9 қазандық орнатылған. Бүгінде 37,76 гектар аумақта жылыжай блоктарын полиэтиленмен қаптау жұмыстары аяқталып, 12,5 гектарлық екі блок көшет отырғызуға толық дайын. Қазан айында 6,25 гектар жерге “Климон F1” қызанақ көшеттері отырғызылып, 100 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылғанда 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жылына 25 мың тонна өнім беретін голландиялық технология енгізілуде. Жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін газ, электр және су жүйелері тартылуда. Делегация мүшелері жылыжай кешенінің өңірдің агросекторын дамытудағы маңызын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқындылығына оң бағасын берді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі



