КЕЛЕС АУДАНЫНДА 40 ЕЛДІ МЕКЕН ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТАҒЫ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ескірген бағаналар біртіндеп, ауыл ішіндегі ішкі байланыс желілері толық жаңартылуда. Аталған жоба интернет жылдамдығын бірнеше есеге арттырып, ауылдың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Бүгінге дейін Абай ауылында интернет жылдамдығы орта есеппен 8 Мбит/с болса, жоба іске асырылғаннан кейін бұл көрсеткіш 500 Мбит/с-қа дейін көтеріледі деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта ауылда 1 550 абонент бар, ал жаңғырту аяқталған соң жалпы 5 мың абонентке дейін қосуға мүмкіндік пайда болады. Жоба «Қазақтелеком» АҚ-ның инвестициялық пакеті аясында жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес жұмыстар 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында толық аяқталады деп күтілуде.
Жаңғырту жұмыстары қолданыстағы барлық жүйелерді кезең-кезеңімен жаңалау бағытында іске асуда. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлердегі интернет желісін жаңарту жоспарланған. Бұл қадам ауылдағы барлық маңызды инфрақұрылымның сапалы байланысқа бірдей қол жеткізуіне жағдай жасайды. Бұған қоса, биыл аудандағы 40 елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы басталған. Оптикалық желі келесі жылы толық аяқталып, аудан аумағындағы барлық әлеуметтік нысандар жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады.Мамандардың айтуынша, жаңа желілердің қосылуы мобильді интернет пен ұялы байланыс сапасының да айтарлықтай жақсаруына ықпал етеді. Бұл ауданның цифрлық инфрақұрылымын күшейтіп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, білім беру және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі



