Пластикалық отаның кесірінен мұрнынан айырылып қала жаздады

184

Қытайлық актриса, әнші Гао Лю сәтсіз пластикалық отаның салдарынан мұрнынан айырылып қала жаздады деп жазды odditycentral.com.
Енді ғана ерекше танымалдыққа ие болып келе жатқан ару аяқ асты көпшіліктің көзінен таса болады. Бұған актрисаның сәтсіз пластикалық ота жасатуы себеп болған екен.
Одан әрі сұлу бола түсуді қалаған бойжеткен ақыры мұрынсыз қалуы мүмкін екенін мүлде ойламаған.
Төрт сағатқа созылған пластикалық отаның салдары Гао Лю үшін үлкен қиындықтарға ұласты.
Отадан кейін мұрны ауырып жүргеніне шағымданып келген ару көп ұзамай мұрнының ұшындағы терісі мүлде жансызданып қалғанын байқайды. Оның мұрнының ұшы қарайып, некроз басталып кетеді.
Салдарынан Гао Лю екі айын ауруханада өткізіп, мұрнын аман алып қалу үшін қыруар қаражат жұмсаған.

Дәрігерлер оның мұрнының қарайған тұстарын тек бір жылдан соң алып тастап, бұрынғы келбетін қалпына келтіре алатынын алға тартыпты. Енді әнші бір жыл бойы қарайған мұрнымен жүруге мәжбүр болып отыр.

Ал әншіге сәтсіз ота жасаған клиниканың 2020 жылы бес әкімшілік айыппұлға ұрынғаны белгілі болды. Мұрнын сақтап қалу үшін 62 мың долларын сарп еткен бойжеткеннің сәтсіз ота жасағандарды сотқа беретін-бермейтіні әзірге белгісіз.
Әнші қиындықтар ұзаққа созылып кеткесін, амалсыз қара мұрнымен көпшіліктің алдына шығып, жасырынуын доғарған.

Advertisements