ШЫМКЕНТ: Аудан аумақтарында көшедегі жарнама мәтіндерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде

205

Шымкент қаласының аудан аумақтарында көшедегі жарнама мәтіндерін ретке келтіру, дұрыс жазылуын қадағалау мақсатында рейд жұмыстары жүргізілуде.

Осы мақсатта Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері Ш.Уалиханов, Елшібек батыр көшелері бойында орналасқан жарнамалардың «ҚР тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес дұрыс жазылуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында кәсіпкерлік нысандардағы бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпараттың жазылуында Тіл туралы заңның сақталмауы анықталып, мамандар тарапынан түзету туралы ескерту берілді.

Аталған кемшіліктер түзетілмеген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес жеке кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Түсіндіру жұмыстарына Шымкент қаласының Ішкі саясат, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары қатысты.

«ҚР Тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес кез-келген көрнекi ақпараттың мәтiндерi ең алдымен мемлекеттiк тiлде жазылып, қажеттiгiне қарай қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн.

Айта кетейік, шағын және орта бизнес өкілдеріне сыртқы жарнама құралдарын әзірлеу барысында мәтіндерінің сауатты жазылуына, орналасуына тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» (77-63-48) қызмет көрсетуде.

Advertisements