ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

194


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Асыл жүрек» орталығының жұмысымен танысты. Онда қызмет алушылармен тілдесіп, қарттар күні мерекесімен құттықтады.

Мемлекет тарапынан ардагерлерге әрқашан қамқорлық көрсетіліп келетінін және көрсетілетін көмектің көлемі жыл сайын артып отырғанын айтқан қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің мемлекеттік саясатындағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Шымкенттегі әлеуметтік-медициналық «Асыл жүрек» орталығы 2019 жылдың наурыз айында ашылған. Мұнда күніне 4 сағат ақысыз жартылай стационарлық жағдайында медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық екі ауысымда жұмыс жасап, бір ауысымда 80 адамға дейін қызмет көрсетеді.

Бұл жерде күн тәртібі зейнеткерлерді дәрігерлік тексеруден басталады. Қарттарға қызмет көрсету үшін жоғары санатты кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Жуырда мекемеде физиотерапия кабинеті ашылып, көпфункционалды «Полимаг» қондырғысы іске қосылды.

Орталықта жыл басынан бері 235 зейнеткер екі ай көлемінде арнаулы әлеуметтік қызмет алды. Алдағы уақытта орталықтың қала аудандарында бөлімшелерін ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 82 351, соның ішінде ҰОС ардагерлер саны – 12, тыл еңбеккерлері – 2848.

Advertisements