Түркістанда ұлттық киімдер байқауы өтті

200

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды adym.kz 

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерекелік датаға орай Түркістан қаласындағы «Farab» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға елімізге танымал этнограф ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан, журналист, сазгер, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі, профессор Хазірет Тұрсын, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Өзбекәлітанушы Берік Байболов, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және Ө.Жәнібектің жиен қызы Айғаным Серім мен немере қызы Әзел Жәнібек қатысты.  Шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы ашып беріп, келушілерге алғысын білдірді.  Белгілі тарихшы, профессор Хазірет Тұрсын әрі қарай жүргізіп, қонақтарға сөз кезегін ұсынды. Спикерлер қоғам қайраткерінің өнегелі істері мен ерен еңбектерін, сонымен қатар естеліктер айтып, нақты ұсыныстарын да жеткізе білді.  Ал шараның екінші күні «Тайқазан» ұлттық киімдер байқауына ұласты. Байқау мақсаты – киім мен тұрмыстағы ұлттық дәстүрді зерттеу, Қазақстан мәдениетіне қызығушылық қалыптастыру, заманауи сән үлгісіне сай дәстүрлі этникалық костюмнің бірегей құндылықтарын және оның сан алуандығын көрсету, кәсіби және әуесқой дизайнерлерді қолдау болатын.  Екі күндік байқауда сән, өнер және шығармашылық саласындағы мамандардан, сондай-ақ өнер және этнография тарихындағы сарапшылардан және сән саласындағы БАҚ өкілдерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен келесі қатысушылар жеңімпаз атанды.
Гран-при – Напботанова Анаркүл (Сырмақ)
І дәрежелі диплом – Умербаева Алтына (Сырлы өрнек)
ІІ дәрежелі диплом – Руш Тимур (Алтын адам)
ІІІ дәрежелі диплом – Бекманова Меруерт (Тамғалы)
ІІІ дәрежелі диплом – Ерінбетов Марат (Хассақ қазақтар)
ІІІ дәрежелі диплом – Ермұханов Алтынбек (Ұлы тұран)
Арнайы диплом – Сейсенбекова Меруерт, Ешентай Алия (Күлтегін)
Арнайы диплом – Мұхтар Іңкәр (Кезең)
Арнайы диплом – Пернебек Ақбота (Айша бибі)
Арнайы диплом – Елбасы Аружан, Махаш Аида (Ұлы дала айшықтары)
Арнайы диплом – Көпбосынова Ғазизаға бұйырды.
Ал жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Advertisements