Түркістан өрендері бір жылда су спорты түрлерінен 366 жүлде жеңіп алды
Түркістан облысында су спорты жоғары деңгейде дамып келеді.
Биыл Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлері мен өрендері республикалық және халықаралық сайыстардан 154 алтын, 104 күміс және 108 қола медаль жеңіп алды.
Білікті басшы Денис Жарменов басқаратын спорт мектебінің 2 өрені Токио Олимпиадасында бақ сынаса, тағы бір спортшысы Токио паралимпиадасына қатысып, ел намысын қорғады. Бапкерлердің жемісті еңбегі нәтижесінде 15 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 8 спорт шеберлігіне үміткерлер даярланған.
Түркістандық спортшылар байдарка мен каноэде есуден 7 республикалық және 3 халықаралық жарыстан 89 алтын, 51 күміс және 59 қола жүлде еншіледі. Академиялық есу спортының шеберлері биыл 64 жүлдеге ие болса, жүзу спортынан қоржынға 53 медаль түскен. Триатлон шеберлері 9 медальға иелік етсе, желкенді спорттан түркістандық сайыпқырандар жылды 41 жүлдемен түйіндеп отыр. Бүгінде су спорты түрлерінен бөлімшелер Төлеби ауданы мен Түркістан және Кентау қалаларында орналасқан. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қолдауымен Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай ескек есу базасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл су спорты кешені ашылған соң өңірде халықаралық сайыстарды өткізуге мүмкіндік туады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі