Өзен суы тартылса, өлкеден сән қашпай ма?
Жаңа ғасырда әлемдегі су тапшылығы Қазақстанның да бас ауруына айналатын түрі бар. Жаһандағы ірі қатердің бірі саналатын бұл проблема жыл өткен сайын күрделеніп барады, деп хабарлайды turkystan.kz
ХХ ғасырдың соңына таман Арал теңізінің құрғауы мен Балқаш көлі суының азайып кетуі дабыл қақтырса, енді, міне Аралға құятын Сырдария мен Каспийге құятын Жайық өзені суының тартылуы елді шошытып отыр. Осының кесірінен еліміздегі екі теңіздің бірінің ұлтаны шаңғытып желмен ұшқан тұзы шартарапқа таралса, екіншісінің түбі көрініп, кемелер қайырлап жатыр деуге болады. Біздің елдегі үлкен бір мәселе – еліміздегі ірі өзендердің бәрі трансшекаралық, яғни бастауын басқа елден алатын өзендер. Солардың ішінде Аралды мүлде құрып кетуден сақтап тұрған Сырдария мен Каспийдің күретамырындай Жайық өзендерінің алғашқысы Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан аумағындағы Тәңіртаудан (Тянь-Шань) басталып, осы елдердегі Нарын, Қарадария өзендерінің қосылуынан суы молая түссе, кейінгісі Ресейдегі Орал тауынан басталып, оған Елек өзені, Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сакмар, Таналық, Шаған, Шыңғырлау, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбастау салалары құяды. Сырдария өзбек еліндегі Қоқан, тәжік еліндегі Худжант қалаларын, еліміздегі Түркістан, Қызылорда қаласын суландыратын өзен болса, Жайықтың суын Ресейдегі Башқұртстан мен Челябі, Орынбор облыстары пайдаланады, ал қазақ жерінде Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары осы өзеннің суын қажетіне жаратып отыр. Міне, осыған қарап қазақ жерінде орналасқан қос теңізге құятын бірегей өзендердің біздің елге жетем дегенше қанша халық одан күн көріп отырғанын білуге болады. Ал бұл бізге келетін өзен суларын ортайтпай тұрмайтыны белгілі нәрсе. Халқымызда ежелден «Өрдегі су ішеді, аяқтағы у ішеді» деген сөз бар. Соның мағынасын бүгінде тереңірек түсініп отырмыз. Өйткені кейінгі дәуірде Сырдың суын оның жоғары ағысындағы тәжік, өзбек елдері, Жайықтың суын Ресей жағы молынан пайдаланып, бізге жеткен бұл екі өзеннің суы сарқылып бітіп жатыр. Ал биыл, тіпті Сыр мен Жайықтың суы мүлде тоқтап қалуға қарады десе де болады.
Сырдың суы неге сарқылды?
Сырдарияның бізге жететін суы азайып кеткені жөнінде жыл сайын айтылады. Бірақ соны молайтудың, яғни өзен суының біздің елімізге тиесілі 16 миллиард текше метрін толық алудың жүзеге аспай жатқаны белгілі. Сондықтан Сыр бойындағы диқандар жыл сайын судан тарығып, шу шығарып жатады. Тіпті, қайбір жылдары судың аздығынан егін күйіп кетіп, ораққа ілінбей қалды. Биыл Сырдың суы тартылып, жұрт әлеуметтік желіге арнасы кепкен Сырдың суретін салып жатыр. Сол сияқты Сырдарияның Қызылорда қаласы маңынан ағып өтетін сусыз арнасын бейнежазбаға түсіріп, таратып жатқандар да бар. Мұндай ақпараттар, әрине жұртты мазасыздандырады.
Ал бұл жайында тиісті орындар не дейді?
Аталған мәселеге байланысты Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов БАҚ өкілдеріне Сырдария өзеніндегі судың аздығы мәселесі жайында түсінік берді. Лауазымды тұлғаның мәлімдеуінше, биыл қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 30 текше метрдей ғана су жіберілген, сөйтіп өзендегі су деңгейі түсіп кеткен. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімдігіне, Премьер-Министрге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту үшін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс жолданған. Сондай-ақ биыл 18 қазаннан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 50 текше метр су жіберіліп жатқан көрінеді.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов болса, Сырдария өзенінің су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біраз төмендеген деп отыр. Биыл сәуір мен қыркүйек айларында Қазақстан аумағына Сырдариямен 4 млрд текше метр су келуі керек болса, бүгінге дейін соның жартысы ғана келген. Бұл − жалпы алынатын судан 40 пайызға кем. Сырдария арнасының кеуіп қалуына оған су беріп тұрған Көксарай су реттегіші мен Шардара су қоймасындағы судың тым азайып кетуі де әсер етіп отыр. Қазір оларда 650 млн текше метр ғана су қалған, ол мұндағы судың ең төменгі мөлшері екенін айтады мамандар. Сол үшін қыркүйек және қазан айларында олардан Сырға жіберілетін су 30 текше метрге дейін азайтылып, су тапшылығы пайда болған. Қазір Қызылорда облысы шекарасындағы судың көлемі 60-65 текше метр болса, Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр екен. Бұл мәселеге қатысты «Қазсушар» РММ Қызылорда облысы бөлімі директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтың пікірі бөлек. Оның айтуы бойынша, кейбір ақпаратта беріліп жатқан деректер негізсіз. «Қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді», – дейді ол. Аталған мәселеге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жасаған мәлімдемеде Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су азаю циклі жалғасып жатқаны айтылады. Яғни, Сырдария өзеніндегі судың аз-көптігі қырғыз, тәжік, өзбек елдеріндегі су шаруашылығына және негізінен Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл су қоймасында жиналған судың мөлшеріне байланысты екен. Негізінде, осы қоймада 15 млрд текше метр су жиналса, ол жеткілікті болады екен. Мәселен, 2021 жылы Тоқтоғұл су қоймасында 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем жиналған. Биыл сәуірде су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, ал бұл 2020 жылғы сәуір айымен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз көрінеді. Сондай-ақ Шардара су қоймасын толтыру мен Сырдария өзенінің жоғары ағысында тұрған су қоймаларының жағдайы да бізге келетін Сыр суының аз-көптігіне әсері бар.
Қазір Сырдария бойындағы мемлекеттердің келесі жылда су алу лимиті жайында келіссөз жүргізуге дайындық жасалып жатқан көрінеді. Сондықтан біздің ел басшылығы да Қазақстанға тиесілі суды алып, қыста су сақтағыштарын толтырып, көктемде дария суы азайғанда жиналған суды пайдалануды жан-жақты ойланып шешсе екен дейміз. Әйтпесе, тағы биылғыдай Сырдың суы сарқылып, ел экономикасына елеулі зиян келуі мүмкін.
Жайықтың суын жер жұтты ма?
Біраз жылдан бері Орал тауынан басталып, 2 428 шақырым жерден ағып келіп, Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінің суы жиі тартылып қалатыны жайында айтылып жүр. Әрине, бастауын өзге елден алған өзенге өкпелеу де қиын, себебі өзеннің жоғары ағысында отырған елге бәрін бері жібер деп айта алмайсың. Трансшекаралық өзендердің бәрі сондай: өз аумағынан өткен өзенді бәрі де барынша пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен Ресей мен Қазақстан арасында Жайықтың суын ортақ пайдалану мәселесінде соншалық күрделі ештеңе жоқ дегенді айтады сарапшылар.
Жалпы, Жайық суының тартыла бастауы алғаш 2006 жылы белгілі болған. Содан бері өзен суы әлі күнге бұрынғы арнасына жетпепті. Кейін ғылыми қызметкерлер жан-жақты зерттеу жүргізгенде, өзен суының аздығы жерасты суларының төмендеп кетуіне әсерін тигізіп жатқаны анықталған.
2013 жылдан Еуроодақ пен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының көмегімен су мәселесі жайында түрлі келісім жасап, су бөлісу саясаты жүргізіліп келеді. Осыдан үш жыл бұрын Жайық, Сырдария өзендері ресурсы азайып, соның себебінен сағадағы ағын көлемі 10 есе кемігені айтылған еді. Сондықтан бұл өзендерді бұрынғы қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан, қазіргі қалпын сақтап қалу керек деген пікірлер айтылған болатын, бірақ одан беріде Сыр мен Жайықтың жағдайы нашарламаса оңалған жоқ.
Осыдан үш жыл бұрынғы мемлекетаралық жиында Ресей Федерациясы бізге мөлшерімен керек суды жіберетінін, жаз кезінде 3,2 млрд текше метр суы бар ресейлік Ириклин су қоймасы Жайық өзенінің суының көтерілуіне көмектесетіні айтылған болатын. Бірақ одан бергі кезде де Жайық суының азаюы тоқтаған жоқ.
Бүгінде Жайық суының күрт төмендегені сонша, өзен арнасында аралдар пайда болған. Суландыру жүйелері құрғап тұр. Соның себебінен өзен жағасындағы шаруашылықтардың жұмысы кері кетіп барады.
«Қазсушар» РМК БҚОФ бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтің айтуынша, Жайық-Көшім суландыру жүйесі бар болғанымен, қазірде оған кіріп жатқан судың көлемі секундына бір-ақ текше метр көрінеді. Бұрында секундына 20 текше метр су кіреді екен. Әрине, мәселе бар жерде болжам да көбейетіні белгілі, дегенмен мамандардың пікірі белгілі бір тұжырымдарға сүйенеді десек, олардың пікірлерімен санасудың пайдасы аз болмаса керек. Мәселен, географ ғалым, профессор Қажымұрат Ахмеденов былай дейді: «Жайықтың жоғары ағысында 13-тен астам су қоймасы бар. Ол Ресей мен Башқұртстан шекарасына жатады. Бөгеттер орнатылған. Ол Ресейдің шекарасы болғандықтан, өздерінің экономикалық мақсаты болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан олармен мемлекетаралық келісімге келуі керек. Оны мемлекет пен шенеуніктер шешуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде трансшекаралық өзен-көлдерге қатысты мемлекет арасында келісім арқылы жүктемені бірге зерттеуі керек. Қазақстан Ресейге қарап отырмауы қажет. Өзінің шекара аясында табиғатты сақтау шараларын қабылдауға тырысуы керек. Мысалы, Жайықтың «Быковка», «Рубежка», «Барбастау», «Шыңғырлау» секілді сағалары бар. Олардың бойында бөгеттер бар ма, жоқ па? Оны да зерттеу керек. Оған да ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ». Ғалымның сөзінің жаны бар, Жайық секілді өзен суының азаюын жан-жақты зерттемесе болмайды. Кешенді зерттеулер ғана мәселенің мән-жайын анықтап, дұрыс шешім қабылдауға әсер етері анық. Қазір арнасынан су ақпай құрғап тұрған Жайық өзенінің жағдайы жай ғана судың тапшылығын көрсетпейді, ол Каспий секілді теңіздің құрып кетуіне әкелетін фактордың бірі болуы мүмкін. Сондықтан бұл — ғаламдық мәні бар мәселе.