Атырауда Қаршыға Ахмедияров атындағы халықаралық байқау өтуде

230

Мұнайлы өңірде Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, күйші, дирижер, композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй-Ұран» Халықаралық домбырашылар байқауы өтуде, деп хабарлайды atr.kz

Обыстық әкімдік , облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан І Халықаралық жеке домбыра-тенор және шертіп орындалатын үш ішекті шертер, дутар, комуз, рубаб аспаптарда орындаушылар байқауы екі күнге созылады. Таңдайдың тумасы, музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, саланың дамуына үлес қосқан өнер саңлағының өшпес мұрасын ел жадында жаңғырту, есімін ұлығылауды мақсат тұтқан шараға 24 үміткер қатысуда.  – Байқау – қазақ халқының ерекше өнері, яғни, күйдің мелодиялық-формалық кұрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері шеберліктерін ұштау, республиканың және түркі тектес елдердің жас өнерпаздарын күй өнеріне баулып, төл аспабымыз, ұлттың бренді домбыра және сол тектес аспаптарды тартудың қыр-сырын үйретуді, жас таланттарды табуды, рухани құндылықты сақтаумен қатар кең көлемде насихаттауды мақсат етеді, – дейді халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Дидар Алтыбайқызы бізбен әңгімесінде. Дүбірлі додада Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның әр түкпірінен, Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан жиылған өнерпаздар күйден шашу шашып, 3 кезеңнен тұратын байқау соңында өз арасынан жүйріктерді анықтамақ. Өнер байқауына әділ баға беретін қазылар алқасы да музыка саласының майталмандарынан құралған. Тұңғыш Президент-Елбасы қоры сыйлығының л а у р е а т ы , Қ а з а қ с т а н Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері Ерболат Ахмедияров, Қазақстан Р е с п у б л и к а с ы н ы ң Е ң б е к сіңірген қайраткері, Мемлекеттік с ы й л ы қ т ы ң л а у р е а т ы , А.Байтұрсынов атындағы алтын медаль иегері Карима Сахарбаева, Өзбекстанның Халық әртісі, Өзбек ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі, профессор Форук Садыков, Қазақстан Р е с п у б л и к а с ы н ы ң Е ң б е к сіңірген әртісі Роза Айдарбаева, халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегері Салтанат Құдайбергенова, мәдениет қайраткерлері Сәлімгерей Садықов, Зәмзагүл Ізмұратова төрелік етуде. Екі күндік байқау соңында жеңімпаздарды марапаттау шарасы және гала-концерт өтеді. Сонымен қоса, жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, өнерсүйер қауымға жол тартпақ. Қаршыға Ахмедияровтың халық аспаптары оркестріне лайықталып түсірілген төл күйлері, поэма және әндері енген «Мәңгілікпен сырлассын, күй ғұмырың» атты партитутаралар жинағы мәні зор шараның әсерлі де әдемі түйініне айналатын болады.

Гүлжан ӘМІРОВА

Advertisements