“Жасөспірім”: Түркістан облысында көлік басқарып жүрген жасөспірім қыз анықталды

225

Түркістан облысы полицейлері “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды dknews.kz 

Түркістан облысының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Сондай-ақ қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде карантин кезінде санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, көшелерде, аулаларда және жастар көп жиналатын жерлерде түнгі рейдтер өткізу үшін бірнеше мобильдік топтар құрылды. Мысалы, Шардара ауданында іс-шара аясында полицейлер қоғам және мүдделі орган өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша рейд жүргізді. Үш күндік жұмыс нәтижесінде Шардара АПБ ЖПҚ-нің ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген 18 кәмелет жасына толмағанды анықтап, полиция бөліміне жеткізсе, Түлкібас ауданы 35 жасөспірімді анықтады. Осы аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша ескерту жасалды. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында Көктерек елді мекенінде 12:00 шамасында дүкенде жасы кәмелетке толмаған жасөспірімге спирттік ішімдік және темекі сатқаны анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы және 423-бабы 1-бөлігімен дүкен иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Ал Төлеби ауданында іс-шара барысында көлік басқаруға құжаты жоқ және ата-анасының рұқсатынсыз көлік басқарып жүрген жасөспірім қыз анықталып, оның ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігімен айыппұл салынды. Облыс полицейлері жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы профилактикалық, түсіндіру әңгімелерін өткізді және ересектерге балаларды әсіресе түнгі уақытта үйден тыс жерлерге жібермеуге шақырды.

Advertisements