Алаш монументінің ашылуы аясында «қымызмұрындық» дәстүрі ұйымдастырылды

214

Түркістан облысы, Киелі Қазығұрт жерінде Алаш азаматтарының монументінің ашылу аясында кең дастархан үстінде салт дәстүрлі «қымызмұрындық» рәсімі өтті, деп хабарлайды  kasipodaq.kz 

Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі осы «Қымызмұрындыққа» шақырысып, мәре-сәре болған. Сарапхана ауылында өткен басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы Бекет Тұрғараев, Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері, қайта өңдеу кәсіпорындары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіпорны қоғамдық бірлестігінің төрағасы Барлыбай Қуандықов, кәсіподақ ардагері Досыбай Шерімқұлов, абыз ақсақалдар, ел ағалары, ауыл ақсақалдары, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, облыстың, Шымкент қаласының құрметті азаматтары және қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Жиынға арнайы шақырумен қатысқан «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақ қызметінің басым бағыттарына тоқталды. Бауыржан Ілімшеұлы кәсіподақ орталығы құрылғаннан бері өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдардағы жұмысшыларды кәсіподаққа тарту, кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау және кәсіподақ жұмысын жаңдандыру бойынша қомақты жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, басқосуда кәсіподақ ардагерлері Барлыбай Қуандықов және Досыбай Шерімқұлов кәсіподақ саласында атқарған қызметіндегі тәжірибесімен бөлісіп, жаңа сайланған басшыларға сәттілік тілеп, жұмыстарын қолдады. Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлеубаев кәсіподақ ардагерлеріне қосылып, қазіргі күні қоғамда өзгеден озық, бітім-болмыс жағынан ешкімге ұқсай бермейтін, рухани және материалдық жағынан салмақты орны бар ұйым – кәсіподақ ұйымы және халық арасында зор сенімге, айтулы беделге ие ұйым екенін айтып, ардагерлер қатарында кәсіподақ саласында еңбек еткен азаматтар көп болса, ардагерлер кеңесінің жұмысы жандана беретінін жеткізді.

Advertisements