ШЫМКЕНТ: ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай фильмінің тұсаукесері өтті

197

Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Волонтер» толықметражды фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым және волонтерлік ұйымдардың өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының волонтерлік топтарының белсенді жастары қатысты.
Қала әкімінің бірінші орынбасары жиында іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
– Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға өздеріңізді шақыра отырып, осы кинотуынды арқылы қаламызда, жалпы елімізде еріктілердің санын одан әрі арттырамыз деген ойдамын. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы мен халықаралық студенттер күні мерекесімен құттықтай отырып, түсірілім тобы мен режиссер Серік Таласовқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Осыған дейін де қалың көрерменге ұсынып жатқан фильмдеріңіз көптің көңілінен шығуда. Өздеріңізге тек шығармашалық табыс тілеймін, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Аталған жоба Шымкент қаласындағы киноиндустрия саласын дамыту, пандемия кезінде қала жастарының волонтерлік қозғалысын насихаттауды мақсат еткен. Сонымен қатар, жастардың патриоттық санасын қалыптастыру және өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық мәдениетті сақтауды насихаттау арқылы жастарға сапалы кинотуындыларды ұсыну, жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыруды көздейді.
Advertisements