ШЫМКЕНТ: 2 мыңнан астам жұмыскердің жалақы қарыздары өтелді

172

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде биылғы 10 айда атқарған жұмыстарды баяндады.
Басқарма басшысы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, жалақы қарыздарын өтеу, жазатайым оқиғалардың алдын алу, ұжымдық шарт жасасу жұмыстарының барысын атап өтіп, тұрғындар сауалына жауап берілді. Жалпы, эфир барысында тұрғындар тарапынан 10-ға жуық сауал қойылды.
Шаһарда 2021 жылдың 10 айында мемлекеттік еңбек инспекторларымен 188 тексеру жүргізіліп, 289 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде, еңбек қатынастары бойынша – 220, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 62, жұмыспен қамту бойынша – 7 заңбұзушылық тіркелген. Анықталған заңбұзушылықтардың негізінде 114 нұсқама берілді. Тексеру нәтижелерінің қорытындысы бойынша 8,79 млн теңге көлемінде 52 әкімшілік айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта 2 кәсіпорынның 87 жұмыскері алдында жалақы қарызы 20,5 млн теңгені құрайды. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторларының атқарған жұмыстарының нәтижесінде, жыл басынан бері 2 199 жұмыскердің (61 кәсіпорын) 274,1 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтеліп, әлеуметтік құқықтары қорғалды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде 27 жазатайым оқиға орын алып, 37 адам зардап шекті. Тергеу материалдары іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған. Еңбек қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу тапсырмасы берілген болатын. Бүгінде қалада 18 кәсіпорын осы жобаны енгізді.
Қалада 2021 жылдың 1 қараша айына дейін түзілген және жұмыс істеп тұрған ұжымдық шарттың саны 1560-ке жетті.
Advertisements