Мақтааралдық шаруалар қырыққабат пен қызылша егуді бастады

258

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың әрбір сәтті күнін пайдаланып қырыққабат және қызылша дақылдарын егуде. Егістік алқаптар мен үйіргелік жерлерде қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қызу жұмыстарды жүргізуде.

Қаңтардың суығы мен жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл “Физули” шаруа қожалығына барды.

Физули Алиевтің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 70 гектар жер бар болса, соның 15 гектарына ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 60 адамнан құралған бригада егістік алқабында тынбай жұмыс жасауда.

“Жұмысшыларға күніне 4500 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың еврейлер ойлап тапқан валикор атты сортын тамшылатып суару технологиясымен егіп жатырмыз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек”, – деді Ф.Алиев.

Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында 18 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған. Жалпы биыл 1446 гектар жерге ерте егілетін көкөністер егу жоспарланып отыр.

Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.

Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 46,4 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне экспортаған.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements