Ана тілің ұлтың үшін маңызды

262

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сол ұлттың да абыройы. Тіл жоғалса – ұлтқа жоғалу қаупі төнеді. Ұлттың азаттығы мен ашық аспанының, ұлт болып қалыптасуының, мәңгілікке қол созып, көз тастауының, биіктерге ұмтылуының алғышарты ұлы тілінің асқақтауында жатыр.

Тағылымы биік, аңыз бен ақиқатты ұштастырған жұмбақ сыр мен тылсымға толы тарих беттеріне үңілсек, халқымыз сөз құдіретіне кем емес екенін ұғамыз. Бір ауыз сөзбен дауды тоқтатып, бір ауыз сөзбен жауды қайтарған, білек күшімен емес, терең ой мен ақыл парасаттың арқасында елге сыйлы болған даналарымыз қаншама?! Бүгінде сол ерліктің біз үшін ертегідей екені тағы рас.

Адамның адам болып жүруінің өзі тілдің арқасында. Адам өз тілін жақсы меңгеріп, басқалармен де тіл табысса, өз өмірінің мәнді өтуіне жағдай жасайды. Қоғам тіл мен пікірге бай болған сайын, қайратты бола түседі. Халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемдігін сақтаса, сол деңгейде өмір сүреді. Өткеннен аманат болып жеткен қастерлі тіліміз алтын тұғырында мәңгі тұрақтаса, одан артық ел үшін бақыт болмас еді. Түбі бір түркі, тілі ұқсас қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтыматовтың:

“Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы”,– деген сөзі бар.

Сондықтан да тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің міндетіміз. Тілі біртіндеп жоғалған ұлттың уақыт өте келе өзі де тарих сахнасынан жоғалары анық. Біздің бар болмысымыз қастерлі тілімізді қадірлеуден сипат алады.

Ұлттық болмыстың негізгі белгілерінің бірі – мемлекеттік тілде іс жүргізу. Сондықтан төл тілімізді өзінің алтын тұғырына қондыру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының сол тілде таза сөйлеп, ойын жеткізе алуы деп түсінгеніміз абзал. «Тіл туралы» заңның 4-бабында:

«Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекет басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарының тілі» делінген.

Сондықтан мемлекеттік қызмет бабында тілді ауызекі сөйлеу деңгейінде ғана білу жеткіліксіз. Жеке және  заңды тұлғалармен ресми іскерлік қатынасты, қызметтік хаттар мен тағы да басқа ақпараттармен алмасу құжаттарын, тек қазақ тілінде жүргізуді игеру әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті болуы тиіс.

Әли ҮЙСІМБАЕВ,

Арыс аудандық сотының бас маманы

 

Advertisements