«AMANAT»: ЖОЛ КАРТАСЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

115
Жол картасының орындалуы «EasyProjесt» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, тұрақты бақылауда болады. Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихаттағы фракциясының мәжілісінде айтылды. Аймақтық партия филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен жиынға облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев және облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитов қатысты. Фракция отырысына 17 аудан, қалалық партия филиалдарының төрағалары, фракция мүшелері, барлық деңгейдегі 263 депутат, облыстық жауапты басқарма басшылары онлайн және офлайн форматта қосылды. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Өңірлік Жол карталарының 2021 жылы орындалуы және 2022 жылға жоспарланған жұмыстар туралы облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің есебі тыңдалды. Жол карта аясында 2021 жылы 7 бағыт бойынша 110 іс-шара жоспарланып, нақты 96,4 пайызы орындалған. Ал биыл 149 іс-шараны орындау жоспарда. Оған барлық қаржы көздерін тарту көзделіп отырғанын жеткізді. Дегенмен фракция жетекшісі былтыр орындалмаған 39 іс-шара қайта қаралып, тиісті басқармамен жұмыс жүргізу нәтижесінде олардың саны 34-ке қысқарған мәлімдеді. 5 іс-шара орындалу үстінде статусына енгізілді.
Осы тұста Б.Тәжібаев облыстық партия филиалының төрағасы Ө.Шөкеевтің өңірлік филиалдың кезекті XLI конференциясында жүктеген тапсырмаларының орындалуы қатаң қадағалауда екенін атап өтті. Сайлауалды уәделерді орындау бойынша Түркістан облысы республика көлемінде 4-ші орында екенін хабарлап, өз баяндамасында депутаттық рейтинг жүйесі жайлы сөз қозғады.
– Өздеріңізге белгілі, рейтингтік жүйені жүргізу үшін арнайы интернет портал іске қосылып, әр депутатқа жеке кабинет ашылды. Депутаттық қызметтерді растау үшін материалдарды жүктеу және оны бағалау 3 бағытта жүргізіліп жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша алдағы маусым айында барлық фракция мүшелерінің белсенділігі жайлы мәліметтер жарияланатын болады, – деді фракция жетекшісі.
Сонымен қатар ережеге сәйкес депутаттардың рейтингтегі төмен көрсеткіштері олардың мандатын кері қайтаруға және партияның кадрлық резервін ротациялауға негіз болатынын ескертіп, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін айтты.
Күн тәртібіндегі 3-ші мәселе мектептердегі инклюзивті сыныптардың жай-күйі және методикалық қаржыландырылуы туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова баяндама жасады. Биыл инклюзияны қолдау кабинеттерінің арнайы педагогтарын әдістемелік сүйемелдеу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. 2021-2022 оқу жылында 17 аудан, қалада 1 мектептен инклюзивті білім беруді қолдау үшін ресурстық мектептер бекітілгенін хабарлады. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары А.Сабитов қорытынды сөз сөйлеп, бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
– Биыл облыс бойынша 1565 іс-шараны орындау міндеті тұр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша орындалмай қалу қаупі бар бірқатар іс-шара да анықталып отыр. Осы орайда, Жол картасы бойынша былтыр жинаған тәжірибемізді қолдана отырып жұмысты күшейтуіміз керек, – деді ол.
Фракция мәжілісінде қаралған мәселелер назарға алынып, қаулы қабылданды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements