АҚТӨБЕЛІК ӨНЕРПАЗДАР ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ «СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫН» КӨРЕРМЕНГЕ ҰСЫНДЫ

124
«Ер түріктің бесігі Түркістанға – Алтын бесік Ақтөбеден» мәдениет күндері аясында 14 сәуірде Түркістан музыкалық драма театрында ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклі өтті. Спектакль алғаш рет Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының тарихында «Өнер орталығы» концерттік залында көрсетілген болатын. Республикалық деңгейдегі премьерасы Түркістан қаласынан бастау алды.
«Сыған серенадасы» қойылымында ән падишасы атанған әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың тағдырын бейнеленді. Жас Шәмші жаңбырлы күндердің бірінде Сағыныш есімді арумен танысады. Бірақ екеуінің сүйіспеншілікке толы сырлы сезімдері оларды бір арнада тоғыстыра алмайды. Сазгер махаббат пен жалғыздық күйін кешіп жүргенде сығандар тобырына кез болып, Изольда есімді қызға ғашық болады. Шәмшіге сыған қызының да махаббаты оянады. Алайда сыған халқы еркін, көшіп-қонып жүрген ел болғандықтан, қазақ жерінен кететін сәт жетеді. Сол уақытта ғашықтардың қимастықпен қоштасуына тура келеді. Себебі Шәмші туған жерін, елін тастап, сүйгеніне еріп кете алмайды. Осылайша, дүниеге «Сыған серенадасы» әні келеді. Бұл нәзік сезім мен романтикалық шығарма – кіршіксіз, таза махаббаттың жемісі болды. Спектакль дарынды композитордың әндері сүйемелденді. Міне, осы өмір өрнектері Түркістан төріндегі қойылымда асқан шеберлікпен көрсетіліп, көрерменнің жоғары бағасын алды. Спектакльге филармонияның 80-нен аса әртісі қатысты. Поэзиямен және әнмен өрнектелген қойылым аншлагпен өтіп, түркістандық көрермен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония ұжымына үлкен қошеметпен қол соқты.
Әсерлі туындыны көрерменге ұсынуға Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі және дирижеры Мербол Құспанов, камералық оркестр дің көркемдік жетекшісі және дирижері Али Ермекбаев, «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Омар Мамбетов, бас балетмейстері Гүлнар Мамбетова үлес қосты. Сонымен бірге классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұртас Омаров, «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан да еңбек сіңірді. Басты рөлдерді Нұржан Қаражанов пен Әлия Бисенбаева сомдады.
Қойылым соңында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бижан Қалмағамбетов Шәмші мұрасы бүкіл қазаққа ортақ екенін айтса, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі де ұлы композитордың әндері қазақпен бірге мәңгі жасайтынын атап өтті. Мәртебелі меймандар Түркістан шаһарының адам танымастай өзгергеніне тоқталып, рухани-мәдени орталыққа айнала бастағанын жеткізді.
Осы күні «Керуен сарай» туристік кешенінде Ақтөбе облысы әншілерінің «Алтын аймақ – Ақтөбе» концерттік бағдарламасы ұсынылды. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары эстрада жұлдыздарының әндерін тыңдап, ән әлеміне саяхат жасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements