ТҮРКІСТАН: ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

97
Түркістанда мемлекеттік шекара аймағында заңсыз әрекеттерді болдырмау және өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар талқыланған жиын өтті. Түркістан облысының прокуроры Марат Алихановтың төрағалығымен өткен мәжіліске облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев және облыстағы барлық құқық қорғау органдарының мен уәкілетті органдар, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен прокурорлары қатысты.
Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша Үйлестіру кеңесінде шекара маңында түйткілдерді шешу жолдары қаралды. Атап айтсақ, шекаралық белдеуге енетін жер телімдерінің жеке және заңды тұлғалардың меншігінде болу жағдайы талқыланды. Сонымен бірге шекараның кейбір бөліктерінде инженерлік-техникалық қоршаулардың жоқтығы, көші-қон мәселелері мен шекарадан өту тәртібі, шекара маңындағы криминогендік жағдай да сарапталды. Өзбекстанмен шектесетін Сарыағаш, Келес, Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы мемлекеттік органдардың жұмыс барысы сөз болды.
Жиын қорытындысы бойынша шекара аймағын күшейту, көші-қон заңнамасына өгерістер енгізу, шекарада арнайы белдеулер орнату жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмысты күшейту, мемлекеттік орган өкілдерінің жұмысын жандандыру жөнінде тапсырмалар беріліп, тиісті шешімдер қабылданды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
__
Advertisements