ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 29 МЫҢНАН АСТАМ ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

100
Биылғы жылы Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 29 307 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Олардың басым көпшілігі Жастар практикасы және Қоғамдық жұмыс жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал, жыл басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нұркен Аралбеков мәлімдеді.
«Түркістан облысында жастар саны 473 110 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш Республика бойынша алғашқы орында. Облыс жастарының 82% – ауыл жастары, 18% – қала жастары. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін облыс аумағында 1 067 үйірме қызмет көрсетуде» – деді Нұркен Бауыржанұлы.
Ал, брифингке қатысқан Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Динара Бегалықызы биыл 5 мыңнан астам жасты «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жұмыспен қамтуды көздеп отырғандықтарын айтты. Сондай-ақ, жастарға арналған қайтарымсыз гранттардың мөлшері осы жылы 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтерілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Advertisements