ТҮРКІСТАН: СЕНАТ ДЕПУТАТАРЫ КЕЛЕСКЕ КЕЛІП ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТЫҢДАДЫ

95
Түркістан облысы, Келес ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев іссапармен келіп, бірнеше кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, өзекті мәселелерді тыңдады.
Депутаттар алдымен Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Келес Плас» ЖШС қайта өңдеу цехында болды. Аталған цех ауыл шаруашылығына қажетті пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш (зажим), көшет өндіруге арналған стакан түрлерін шығарады. 2017 жылы іске қосылған кәсіпорынның жалпы құны – 150 млн. теңге. Кәсіпорын басшысы Нұржан Умаровпен тілдесу барысында бірнеше өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, субсидия мәселесі, қайта өңдеу саласындағы кемшіл тұстар және дайын өнімді өткізу бағытында кездесіп жатқан кедергілер жайы сөз болды. Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаттары көтерілген мәселелердің өте орынды екеніне тоқталып, қажетті жұмыстарды атқару үшін кешенді шешімдер қабылдап, тиісті органдармен бірлесе жұмыс атқаратындарын мәлімдеді. Сонымен қатар кездесу барысында трансшекаралық каналдардың мәселесі қозғалып, нәтижесінде Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекара аймағындағы каналдарды тазалау мәселесі де Парламент деңгейінде қаралатын болды.
Сенат депутаттары іссапар барысында үй іргелік жеріне биогомус өнімін өндіретін «НұрҚожа» жеке кәсіпкерінің жұмысын көрді. Бар болғаны 26 300 теңгемен кәсібін бастаған Гүлнәр Дүйсебаева бір жылдың ішінде 7 млн. теңге табыс тауып, 2 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкердің сөзінше қазіргі таңда биогомус өніміне сұраныс артып, ауыл шаруашылығы саласына таптырмас агрегаттың біріне айналуда екен. Кәсіпкердің жұмысымен танысу барысында сенаторлар бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, республика деңгейінде насихатталуы қажет екеніне тоқталды.
Келес ауданында ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қазыналы қария – тең қоғам» атты орталық қызметін бастаған болатын. Қарттарды әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету функцияларын жүзеге асыру мақсатында ашылған мекемеде болған Парламент Сенатының депутаттары қызмет алып жатқан қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тілдесіп, жай-күйімен танысты.
Сапар соңында «Абай» Келес аудандық ауруханасы» МКК-мен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде ауруханадағы техникалық базаның жай-күйі баяндалып, тапшы технологияларды жеткізу мәселесі қозғалды. Атап айтқанда КТ аппараты бүгінгі таңға дейін қажет болған еді. Ол бойынша облыстық салалық басқарма тарапынан биылғы жылға қаржысы қаралғаны айтылды. Сонымен қатар цифрлық рентген, УЗД аппараты, реаниммациялық жедел жәрдем көлігі қажеттілігі бас дәрігердің міндетін атқарып жүрген Бекзат Сланов тарапынан мәлімделді. Өз кезегінде көтерілген мәселелердің өзекті екеніне тоқталған депутаттар мәселенінің шешілуіне ықпал етіп, бақылауға алынатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements