ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «НАУРЫЗ БАТА» ДӘСТҮРІ ДӘРІПТЕЛДІ

113
Бүгін Түркістан облысында Наурыз мерекесіне орай «Наурыз бата» дәстүрін дәріптеу мақсатында ақсақалдардың бата беру іс-шарасы өтті. Игі шара Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыз ежелден әрбір ісін батасыз бастамаған. Аталған мерекелік шараның мақсаты – Наурыз мерекесінде аға буынның ізгі тілектері мен баталарын алу, оларға құрмет пен ілтипат көрсете отырып, Наурыз бата дәстүрін жас ұрпаққа насихаттау.
Рухани құндылығы мол шараға өңіріміздегі этнос ақсақалдары, Ардагерлер кеңестері мен Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Елге сыйлы батагөй қариялар Қ.А.Ясауи кесенесі жанындағы «Этноауыл» кешенінде тігілген киіз үйлерде ақ дастарханнан дәм татып, келелі әңгіме қозғады. Жалпы шараға қатысушыларға Наурыз көже ұсынылды.
Мерекелік шарада сөз алған Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева бата беру дәстүрінің мән-маңызына тоқталып, жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деп, үлкенді сыйлап, оның жолын әрдайым өнеге еткен. Әз Наурыз мейрамы қарсаңында осындай іс-шаралар арқылы ата-бабаларымыздың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғыртып, сол арқылы жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат еттік. Бата – адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке, ырыс-несібе, мол бақыт әкелсін, – деді Эльмира Ұласбекқызы.
Шарада Түркістан қаласының құрметті ақсақалы Қуанышбай Өтепберген, Түркістан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы орынбасары Есалы Нұржанов, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов, Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Гүлсара Тоққұлова, Сауран аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Кентау қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрмахамат Жақай ел бірлігін нығайту, ұрпақ тәрбиесі жайында салиқалы сөз қозғап, ақ баталарын берді.
Іс-шара аясында «Этноауыл» алаңында асық атудан этнос жастары арасында сайыс өтті. Сайысқа шаһардағы мектеп оқушылары белсене қатысып, ұлттық спорттың дамуына үлес қосты. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен арнайы Наурыз кәдесыйлары табысталды.
Айта кетейік, «Наурыз бата» дәстүрін дәріптеген іс-шара «Түркістан» телеарнасынан тікелей эфирде ел назарына ұсынылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements