Шымкент жылыту маусымына дайын ба?

153

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша кезекті жиын өтті — деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпараттық агенттігі.

«3-Энергоорталық» АҚ-дағы 2 турбина, 3 қазандық ағымдағы, транформаторлар күрделі жөндеуден өтті. Қалған 3 бойлерді күрделі жөндеу 82%, қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеуі 95%-ға орындалып, қалған жұмыстар 10 күн ішінде аяқталады.

«Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қарасты 15 жылу қазандықтың 13-і дайын. Қалған 2 қазандық дайындық үстінде. 17 сорғы стансалардан 15-і дайын, қалған екеуінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 19,4 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бүгінге дейін 97% орындалды.

1987 көпқабатты тұрғын үйдің 93,7% яғни, 1863 үй жылыту маусымына дайын. 124 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар жалғасуда.

Қалада 484 бюджеттік мекеме бар. Олар 99% дайын.

Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 114,0 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 25 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр.

Қала әкімі М.Әйтенов қыс мезгілінде тұрақты және сапалы жылу берудің маңыздылығына тоқталып, тиісті сала басшыларына есептегі сандық көрсеткіштерді жіті тексеріп, істен шығу қауіпі бар нақты нүктелерді анықтауды тапсырды.

Аяқталмаған күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап, қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жүктеді.

Advertisements