Түркістан: Ауыл тұрғындары бір үйдің 9 адамын өрттен құтқарды
Бәйдібек ауданына қарасты Шалдар елдімекенінде түнгі сағат 01:00 шамасында Төлеміс Байжанов есімді азаматтың үйінде өрт орын алған – деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.
Үй иесі вахталық жұмысқа кеткен. Үйдің өртеніп жатқанын байқаған көршісі Еркеғали Тұраров алғашқы болып көмекке ұмтылған.
Төлеміс Байжановтың 70 жастағы анасы мен аяғы ауыр жолдасын және 7 ұл-қызын, жалпы бір үйдің 9 адамын көршілері аман алып қалды. Бірінші болып жалын өрттің ортасына кірген бүгінгі күннің батырлары Еркеғали Тұраров және көмекке келген Ғалымжан Нұрназаров пен Иранпур Наврузиге аудан тұрғындарының алғысы шексіз.
Қазіргі таңда өрттің шығу салдары тексерілуде. Зардап шеккен азаматтар дәрігердің бақылауына алынған. Аудан тұрғындары тарапынан көмектер берілуде.