Шымкент: “Көкбұлақ” елді мекені 100% газға қосылды

186

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының “Абай” ауданына қарасты “Көкбұлақ” елді мекені табиғи газға қосылды – ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов “Көкбұлаққа” арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

“Бүгін 1 балабақша мен құжаты дайын үйлерге газ қостық. Енді көмір тасып әуреленбей, барлығыңыз дерлік көгілдір отынды кіргізіп алыңыздар”,-деді әкім.

Бұл сөзді құптаған халық жылдамдатып әрекетке көшетіндерін жеткізіп, қыс басталмай газбен қамтылғандарына алғыс білдірді.

Елді мекенді табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 1 6,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бекітілген жоспар мерзімінде іске асып, 100%-ға орындалды.
Қазіргі уақытта магистралды газ құбырына газ беріліп, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды. Құжаттары дайын үйлерге рет-ретімен көгілдір отын кіргізілмек.

Қазіргі таңда мегаполис тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған.
Жыл соңына дейін, “Тұран”, “Ақтас-1”, “Ақтас-2”, “Нұртас”, “Батыс”, “Сәуле-276” орам, “Ақжар”, “Арғымақ” елді мекендеріне табиғи газ тартылып, көрсеткіш 94,7%-ға жетеді. Осының нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады.

Advertisements