«ШИЗОФРЕНИЯ: ШЫНДЫҚ ПА ӘЛДЕ САНДЫРАҚ МИФ ПЕ? немесе «СІЗ ЖАЛҒЫЗ ЕМЕССІЗ!»
Қазақ қоғамында «адам ішіне жын кіріпті»,- деп бақсы-балгерлерді жағалап жүргендер жайлы жиі естиміз. Бұл белгісіз құбылысқа етіміз үйренгені соншалықты елей де бермейміз. Ал дәрігерлер дабыл қағып отыр. Айтуларынша, «бұл дертті тек кәсіби психиаторлар ғана емдей алады»,- деп мынадай аргументтер ұсынып отыр.
«Шизофрения – үкім емес. Бұл диагнозбен сіз қалыпты өмір сүре аласыз. Қазір фармацевтика әлдеқайда алға басып, адамдарға аурумен күресуге және жоғары сапалы ремиссияға және қайта әлеуметтенуге қол жеткізу мүмкіндігімен толыққанды өмір сүруге көмектесетін тиімді препараттарды ұсынады. Өкінішке қарай көптеген адам диагнозды қабылдауға қорқады, өйткені оларда ақпарат жеткіліксіз», – деді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко.
Шизофрения диагнозы туралы ақпарат жоқтың қасы. Сондықтан дертпен күресу жұмыстары баяу жүруде. Бүгінгі шара 7 қазан – Дүниежүзілік менталдық саулық күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Niettes алаңында шизофренияға арналған жаңа веб-сайттың және «Шизофренияның жалпы күйі» атты кітаптің тұсаукесері өтті. Кітап авторлары – тәжірибелі психотерапевтер мен психиатрлар Питер Фалькай, Янош Кальман, Фидес София Хеймкес, Золтан Сарканы.
Жаңа веб-сайтта шизофрения дерттің кезеңдері, диагностикасы мен емі туралы екі тілде толық ақпарат берілген. Мұнда жалған деректерді нақты дәйектен ажыратуға мүмкіндік беретін «Мифтер мен шындық» бөлімі бар. Әрі оқырмандарға моральдық қолдау көрсетілген. Туыс-туғандардың дерт туралы балалармен қалай сөйлесуге болады, пациент дәрі-дәрмек пен медициналық көмек алудан бас тартқан жағдайда не істеу керек деген сынды маңызды сұрақтарға жауап таба алады.
«Ағымдағы жылдың мамыр айында қажеттіліктерді сараптау мақсатында біз сауалнама жүргізген болатынбыз, соның нәтижесінде қол жетімді ақпараттың, әсіресе қазақ тіліндегі ақпараттың жетіспеушілігі анықталды. Бұл сенуге болатын сенімді ақпараттық ресурс құрудың бастапқы нүктесі болды. Біздің веб-сайт пен кітабымыз шизофрения туралы түсінікті өзгертуге, мифтерді жоққа шығаруға және ауруды жақсырақ түсінуге ықпал етеді деп үміттенеміз», – дейді Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының PR менеджері Динара Бірмағанбетова.
Кітапты аудару және веб-сайтты құру Gedeon Richter Kazakhstan жүзеге асырған «Рахмет, дәрігер» әлеуметтік-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылыпты.
«Gedeon Richter компаниясы бірнеше жылдан бері Қазақстанда шизофрениямен ауыратын адамдарға қолдау көрсетіп келеді. Кітапты мемлекеттік тілге аударып, арнайы веб-сайтты ашу – осы диагнозбен ауыратын науқастарға толерантты және құрметпен қарауды насихаттаудағы маңызды қадам. Компания тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, ауруды дестигматизациялауға және хабардарлықты арттыруға көмектесу арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге тырысады. Бұл жоба пациенттер мен олардың жақындарын қолдауға, сондай-ақ анағұрлым инклюзивті және түсіністікті қоғам құруға бағытталған кешенді күш-жігердің бір бөлігі», – деп қорытындылады Gedeon Richter Kazakhstan бас директоры Павел Хегай.
Дүниежүзінде шизофрения диагнозымен 20 млн, ал Қазақстанда 40 мың адам ауырады. Дерт бастапқыда адамның жәй ғана басы ауырып, дел-сал күйге түсуімен кейінірек қобалжу, үрей, сан түрлі ойлардың жетегінде кетіп, соңы елеспен сөйлесуіне әкеп соғады. Тіпті өз-өзіне қол салуы да мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша бұл дертке негізінен 15-20 жастағы ер азаматтар жиі шалдығады. Күйзелістің асқынуы әсерінен шизофрения диагнозымен ауыратын науқас психиатрдың көмегіне жиі жүгінсе, онда диспансерде жатып ем алуы қажет. Бұл ем-дом мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі. Препараттар да жеткілікті. Тек дәрігердің қатаң нұсқауымен қабылдануы шарт. Дәрігерлер дерттен айығуға үміт бар деп отыр.
Рабиға Бақытжанқызы