ШЫМКЕНТТЕ ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ЖАҢА ӘМБЕБАП КЕШЕНДЕРІ АШЫЛДЫ

14
 Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласының Елтай және Таскен шағынаудандарында жедел қызметтердің әмбебап кешендері ашылды. Бұл нысандардың бірегей ерекшелігі – өрт сөндіру қызметі, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерінің бір жерде орналасуы.
 Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау саласының ардагерлері, Полиция департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасының басшылары, Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы және басқа да құрметті қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
 Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы халыққа жедел көмек көрсетуге бағытталған. Жедел қызметтердің бір кешенде орналасуы әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – қаланың қауіпсіздік жүйесін дамытудың маңызды қадамы.
 Әмбебап кешендер жергілікті бюджет есебінен салынып, алты ай ішінде пайдалануға берілді. Әр нысанда 50-ге дейін қызметкер жұмыс істейді, ал әр кешен екі өрт сөндіру көлігін орналастыруға лайықталған. Ғимараттар заманауи қауіпсіздік және жайлылық стандарттарына сәйкес жобаланған.
 Бір қабатты нысандарда қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, асхана және оқу кабинеті бар. Құтқарушыларды даярлауға арналған оқу мұнарасы мен спорт алаңы да қарастырылған. Кешендер, сонымен бірге, полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем мамандарына арналған жеке бөлмелермен жабдықталған. Техниканы орналастыру үшін арнайы бастырмалар дайын.
 Іс-шара барысында Министр қызметкерлерге жаңа кешендердің символикалық кілттерін тапсырып, бөлімшелердің жедел қызметке толық дайын екенін атап өтті.
Advertisements