ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

7
Түркістан қаласындағы Ясауи музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА) ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: жаңа дереккөздер және оларды интерпретациялау тәсілдері» халықаралық форумы өтті.
Форумды ИРСИКА профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов жүргізді. Ашылу салтанатында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми жиынның маңызын атап өтті. ИРСИКА өкілі Женгиз Томар орталықтың ғылыми-зерттеу тәжірибесі туралы баяндама жасаса, Түркия Дін істері қорының Ислам зерттеулері орталығының (ИСАМ) бас хатшысы Мехмет Камил Яшароғлу орталықтың ғылыми қызметі мен зерттеу бағыттарын таныстырды.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы, «Диуани хикмет» қолжазбалары, Ясауия тариқатының тарихы мен рухани сабақтастығы, Түркістан мен Ясауи кесенесінің тарихи-мәдени маңызы, сондай-ақ мұраны зерттеудің заманауи әдістері мен цифрлық гуманитаристика мәселелері талқыланды.
Халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар, зерттеушілер, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, музей қызметкерлері мен жас ізденушілер қатысты. Форум қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде өтті.
Форум жұмысын музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов, профессорлар Әшірбек Муминов пен Досай Кенжетай қорытындылады. Жиын соңында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана және Арыстан баб кесенелеріне зиярат етті.
Advertisements