ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ 3 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

5
Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Республика күні қарсаңында Сарыағаш ауданындағы тағы 3 елді мекен табиғи газға қосылды.
Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тұрғындарды маңызды қуанышпен құттықтап, елді мекендерді газдандыру жұмыстарының маңызына тоқталды.
– Сарыағаш ауданының Сарысу, Тасқұдық және Құрысай елді мекендеріне табиғи газдың берілуі – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл жыл соңына дейін 34 елді мекендегі 36 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда 20 елді мекен газға қосылды. Енді кезек сіздердің елді мекендеріңізге де жетті. Түркістан облысында тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертемін. Әр шаңыраққа амандық, береке және жылулық тілеймін! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 15 сәуірінде басталып, мердігер мекеме «Ынтымақ-ОК» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1 млрд 291,3 млн теңгені құрайды.
Жоба аясында 49,9 шақырым газ құбыры тартылып, нәтижесінде 248 абонент газбен қамтылды. Жылдық табиғи газ тұтыну көлемі – 22 135,1 мың текше метр. Жоба Ұлттық қор және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements