ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 650 МЛН ТЕҢГЕГЕ БЕС ӨНДІРІСТІК ЦЕХ АШЫЛАДЫ

2
Жетісай ауданында жергілікті өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Асықата кентінде шағын өндірістік парктің екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс жоспарына сәйкес өндірістік алаңға барып, құрылыс барысымен және жобаның іске асырылу кезеңдерімен танысты.
Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік парктің бұл кезеңінде инвесторлар есебінен 650 млн теңге көлемінде қаражат салынып, бес шағын цехтың жұмысы жолға қойылады. Жаңа кәсіпорындар азық-түлік өндірісін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да серпін бермек.
Атап айтқанда, мұнда макарон өнімдерін шығаратын цех, наубайхана, сүт өндіру және консервілеу цехтары, жемістер мен көкөністерді сублимациялық әдіспен кептіретін өндіріс орны ашылады. Бұл бағыттар күнделікті сұранысқа ие өнімдерді жергілікті жерде өндіруге, отандық өнім көлемін арттыруға және кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Биылғы жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жыл соңында аяқталып, 90-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл – кент тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндігі болса, аудан үшін экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған нақты қадам.
Айта кетейік, өндірістік парктің алғашқы кезеңінде жалпы құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын шығару, құрғақ және сұйық ұнтақтар, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар жасау жобалары жүзеге асырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements