«NUR OTAN»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ

198

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Мәжілісті облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етіп жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын бекіту туралы мәселе дауысқа салынды.
Аталған құжат бойынша облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев баяндама жасады. Ол Жол картасында өңірдегі өзекті мәселелер қамтылғанын айтып, фракция мүшелері Жол картасын жүзеге асыруға белсене атсалысып, ел сенімін ақтайтынына сенім білдірді. Бюро мүшелерінің қолдауымен Жол картасы бекітілді. Күн тәртібіндегі қаулының орындалуын бақылауға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев және аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары жауапты болып бекітілді.
Жол картасына сәйкес, Түркістан облысында 5 жыл көлемінде 111 медициналық нысан, 266 мектеп, 15 балабақша, 236 спорт, 27 мәдениет нысаны салынады. Сонымен бірге 214 туристік нысан салынып, осы арқылы өңірімізге келушілер саны 1,5 есеге артып, 2 миллионға жетеді деген жоспар бар. Инфрақұрылымды дамыту да назарда болмақ. Өңірде 5656,11 шақырым жол жөнделеді. 2300 шақырымға жуық таза ауыз су жүйесі жүргізіледі. 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 152 жаңа кәсіпорын ашу және кеңейту арқылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 350 мыңға жақындайды. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейеді. 53 ферма, 900 мал бордақылау алаңы құрылады. Бес жылда 21 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі. Аталған құжатта осы және өзге де мәселелер қамтылған.
Өңір басшысы Ө.Шөкеев Жол картасындағы әрбір міндетті жүйелі әрі талапқа сай орындау Мемлекет басшысының тікелей қадағалауында екенін айта келе, бұл бағыттағы жұмыстарға фракция мүшелері, жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қатысатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Advertisements