ШЫМКЕНТ: Инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында ғимараттарда дезинфекция жұмыстары жүргізілуде
Коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Халықты жұмыспен қамту орталығы ғимаратында дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 5341 шаршы метр аумақ дезинфекцияланған. Залалсыздандыру шаралары жұмыс күні аяқталған соң жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, басқармаға қарасты барлық коммуналдық мемлекеттік мекемелерде коронавирус індетінің белең алуына қарсы «Ашық» мобильді қосымшасы орнатылды.
Халықтың қауіпсіздігі үшін қызметтерге өтінішті онлайн тапсыру да қолға алынған. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алуға байланысты өтініштер Egov.kz порталы арқылы қабылдануда. Ол үшін азаматтардың электронды цифрлық қолтаңбалары (ЭЦҚ) болуы керек. «Халықты жұмыспен қамту орталықтарының» барлығында «Өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары қарастырылған.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарының 55 түріне және түрлі қызметтерге онлайн тапсырыс бере алады. Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйінен шықпай ЭЦҚ көмегімен түрлі мұқтаждықтарына қажеттіні алуға мүмкіндік беріп отыр. Оңалту құралдары 14 күнде және тегін жеткізіледі. Әлеуметтік порталда https://aleumet.egov.kz/kk сілтемесі бойынша тапсырыс беруге болады.