Шымкентке Халықаралық Шахмат Федерациясы президентінің ықылас хаты келді

159

Халықаралық Шахмат Федерациясының президенті (ФИДЕ) Аркадий Дворкович Шымкент қаласына арнайы сәлемхат жолдады. Ол Шымкентте
8-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының қатысушылары мен ұйымдастырушыларына ыстық ықыласын жолдаған.

«Биылғы турнир Сіздерде өтіп, шахматтан жаңа жас таланттарды анықтағанына сенімдімін және Шымкент – елдің шахмат астаналарының бірі атануға құқылы екенін тағы да дәлелдеді» ,- деп атап өткен хатта.

Сондай-ақ, ФИДЕ президенті жарысты өткізгені үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке және чемпионаттың демеушілеріне алғысын білдірген.

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ануар Исмағамбетов күрделі кезеңде аса жоғары жауапкершілікпен ел біріншілігінің өтуіне қолдау көрсеткені үшін қала әкіміне алғысын білдірді. Бұл турнирде жасөспірімдер арасында үздік ойыншылар қатысқандығын, Шымкент қаласында көптеген талантты жастар өсіп жатқандығын айта отырып, қаланың Қазақстанның шахмат астанасы атануы көптен күткен мәселе екендігін жеткізді.
Кездесу барысында алдағы уақытта қалада шахмат клубтарының желісін қалыптастыру, осы ойын түрінен түрлі деңгейдегі сайыстар өткізу жоспарланып отырғандығы айтылды.

Айта кетсек, чемпионатта Шымкент қаласынан Зейнеп Сұлтанбек (18 жасқа дейінгі қыздар арасында), Аяулым Қалдарова (14 жасқа дейінгі қыздар арасында) I орынды жеңіп алды.
Іріктеу сынынан сүрінбей өткен жасөспірімдер енді еліміздің намысын әлем және Азия чемпионатында қорғайтын болады.

Advertisements