ШЫМКЕНТ: Дағдарыс орталығын 300-ден астам азаматқа қызмет көрсетті

147

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова басқармаға қарасты «Самғау сенім» орталығын аралап, қызмет сапасын бақылады. Сонымен қатар, қызмет алушылармен тікелей әңгімелесіп, мұң-мұқтаждықтарын тыңдады.

«Самғау Сенім» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған көпбалалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетеді. Бүгінде дағдарыс орталығында түрлі қиындықтарға душар болған 25 – ке жуық қыз-келіншек пен балалар қызмет алуда. Барлығы да әлеуметтік және құқықтық қамқорлыққа мұқтаж.

Айта кетсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандармен мұнда 9 бағыт бойынша жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, әлеуметтік-құқықтық бағыт бойынша орталық заңгерлері тарапынан неке бұзу, алиментке құжатты рәсімдеу, баланың туу туралы куәлігі мен сот шешімінің көшірмесін алу, бұғатталған жеке есеп шотты ашу, қызмет алушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарына сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, психолог мамандар олардың күйзелістен шығып, қайта аяққа тұруларына кәсіби тұрғыда жәрдемдеседі.

Жалпы «Самғау Сенім» орталығы 2019 жылдан бастап жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында 579 адамға пана болып, әлеуметтік көмектер көрсетілген. Ал жыл басынан бері 311 адам қызмет алған.
Кездесу барысында қызмет алушылар тарапынан айтылған өтініш-ұсыныстар басқарма басшылығымен бақылауға алынды.

Advertisements