ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданында жалпы ұзындығы 40,9 шақырым кәріз құбыры жүргізілуде

113

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында биылғы жылы Еңбекші ауданындағы 13 көшеге кәріз жүйесі тартылуда.

Бүгін Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек «Ұлағат» шағын ауданында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылысын қадағалады. Мердігер мекеме «Алем Строй-1» ЖШС-нің құрылысқа жауапты өкіліне қауіпсіздік шараларын басты назарға алуды және жұмыстарды сапалы атқарумен қатар қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізуді тапсырды.

«Ұлағат» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстар 2022 жылға өтпелі. Шағынауданда жалпы ұзындығы 40,9 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі, қазіргі таңға 2021 жылға жоспарланған 12 шақырым құбырдың 8 шақырымы тартылды. Кәріз құбырын тарту жұмыстары Ақсарай, Ұлар, Заңғар, Балбұлақ, Еділ, Қызылшоқы, Қызылшілік, Қышбөгет көшелерінде жүргізілуде. Одан бөлек, Шаяхметов көшесімен «Солтүстік-Шығыс» шағынауданындағы Кербұлақ, Үшөзен, Ақша тау, Ақшоқы көшелерінде кәріз жүйесі тартылады. «Мирас» шағынауданына да кәріз жүйесін тарту жұмыстары басталуы күтілуде.

Еңбекші ауданының орталығындағы көпқабатты және жеке секторлар кәріз жүйесімен қамтылғанымен, ауданда кейінгі жылдары жаңадан бой көтерген шағынаудандар кәріз жүйесімен қамтылмаған.

Аудан әкімі Д.Есілбек аудан әкімі аппаратының мамандарына аталған жұмыстарға тапсырыс беруші Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандарымен бірлесіп құрылыс жұмыстарын қадағалауды және тұрғындардың талап-тілектерін басты назарда ұстауды айтты.

Advertisements