ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС НӘТИЖЕЛІ ІСКЕ АСУДА

139


Шымкент қаласында халықпен кері байланыс орнату, әкімшілік кедергілерді азайту және арыз-шағымдар мен талап-тілектерді бір орыннан қабылдау бағытында «Ашық әкімдік» нәтижелі жұмыс істеп келеді.

Әкімдіктің 1-қабатында орналасқан арнайы кеңседе қала әкімі мен орынбасарлары, аудан әкімдері және салалық басқарма басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша тұрақты қабылдайды. Алайда, ел аумағында қалыптасқан эпидахуалға байланысты қабылдаулар уақытша онлайн өтуде.

Бүгінде жергілікті биліктің қызметіне қатысты арыз немесе ұсыныс айта келген азаматтарды алғаш қабылдап, тұрғындармен тиянақты тілдесетін «Ашық әкімдіктің» қызметкерлері. Жауаптылардың баяндауынша, азаматтардың басым бөлігі – жер мен тұрғын үй алу мәселесі бойынша жүгінеді.

Өтініштермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Бегайым Бақтыбаеваның айтуынша, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде қала әкімдігі арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтер 95 пайызға цифрландырылған. Әкімдік құзіреті шегінде 167 мемлекеттік қызмет көрсететін болса, соның 158-і «Egov.kz» порталы арқылы жүзеге асады, қалған 9-ы әзірге қағаз жүзінде. Бірақ жыл соңына дейін арнайы порталдар іске қосылып, әкімдік ұсынатын қызметтер толық электронды түрде ұсынылады.

Қыркүйек айынан бастап, тұрғындар өздерін толғандыратын проблемалар бойынша әкімдікке келіп әуре болмай, арыз-шағымдары мен талап-тілектерін үйде отырып, «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінің көмегімен жолдай алады.
Қазіргі таңда азаматтар көтерген мәселелерді назарға алып, жұмыс істеу жүйеленіп келеді. Мәселен, 2021 жылғы ІІ тоқсанда Шымкент қаласының әкімдігімен жеке тұлғаларға – 4 197 455, заңды тұлғаларға – 4 337 қызмет ұсынылды. Аталған қызметтердің 99 пайызы электронды түрде көрсетілді.

Advertisements