Түркістан облысында 176 мыңға жуық зейнеткер бар

210

ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 15-і — зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері арқылы жүргізіледі. 2021 жылдың қыркүйек айы бойынша әлеуметтік төлем алушылардың саны 647 063 құраса, олардың төлеміне ай сайынғы қаржы қажеттілігі 26,7 млрд теңге. Бұл туралы брифингте департамент басшысының орынбасары м.а. Жанат Жамахова мәлімдеді.
Атап айтқанда, облыста 175 884 зейнеткер бар, оларға ай сайынғы төленетін қаржы көлемі 14,2 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазіргі таңда ерлерге арналған зейнеткерлік жас – 63, әйелдер үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан – 60 жас болып бекітілген. Ал 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда зейнетақы алуға құқығы бар.
«Ерлерге толық зейнетақы тағайындау үшін 25 жылдық, ал әйелдерге 20 жылдық еңбек өтілі талап етіледі. Талап етілген еңбек өтілі болмаған жағдайда азаматтарға бар еңбек өтіліне сәйкес, толық емес көлемде зейнетақы тағайындалады. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады. Еңбек кiтапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар сот шешiмi негiзiнде белгіленеді», – деді Жанат Балабекқызы.


Елімізде ынтымақтастық (еңбек), жинақтау жүйесі және базалық зейнетақыдан тұратын аралас зейнетақы жүйелері бар. Ынтымақтастық зейнетақы – азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек стажы болған негізінде тағайындалып республикалық бюджет есебінен төленетін түрі. Ал базалық зейнетақы жүйесі – 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы жүйеге қатысу өтілі байланысты тағайындалды. Жинақтау жүйесі – 1998 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін түрі. Зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған айына қоса жүзеге асырылады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Advertisements