Биыл Түркістан облысында 800 мың шаршы метр үй тапсырылады

188

Биыл Түркістан облысында 800 мың шаршы метр үй тапсырылады, деп хабарлайды  uaqyt.kz

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі құрылыс нысандарын аралап, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын саралады. Аймақта 2019-2020 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 1,35 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй құрылысы аяқталып, 3500-ге жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда аталған бағытта жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр.

Биыл облыс аумағында 800 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй тапсыру жоспарланған. Бүгінде оның жартысынан астамы пайдалануға берілді. Әкімдік жыл қорытындысымен жоспарланған көрсеткішке толықтай қол жеткізілетінін мәлімдеді. Бюджет қаражаты есебінен облыста биыл 118 тұрғын үйдің (6 850 пәтер, 442 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 58 тұрғын үйдің (3270 пәтер, 204,7 мың шаршы метр) құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар ауылдарда жеке тұрғын үй салу үшін инженерлік желілермен қамтамасыз етілген 2000-нан астам жер телімі бөлінді.
Әсіресе Түркістан қаласында құрылыс қарқыны өте жоғары. Облыс орталығында 2019-2020 жылдары 400 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, оның ішінде 80 мың шаршы метрден астамы (1536 пәтер) бюджет қаражаты есебінен салынған. Қазір Түркістан қаласы бойынша 98 тұрғын үй, яғни, 6166 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 49 тұрғын үй немесе 2966 пәтерді пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, қала аумағында 45 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ол аяқталса, 144,6 мың шаршы метрді құрайтын 2504 пәтер ел игілігіне берілмек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыру жөніндегі ауқымды бастамасы тарихи қаланы жаңа белеске көтерді. Осыдан кейін қала құрылысына инвестиция салуға ниеттілер көбейген. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары инвесторлар қаражаты есебінен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге жететін 21 көпқабатты үй пайдалануға тапсырылған. Яғни 40,9 мың шаршы метрді құрайтын 711 пәтер бой көтерген.
Осы жылдың өзінде инвесторлар қаражаты есебінен 65 көпқабатты тұрғын үй (3373 пәтер, 227,1 мың шаршы метр) мен 4 коттеджді қалашық (39,7 мың шаршы метр) құрылысы басталып, жұмыс қарқыны арта түсті. Биыл осы салаға бағытталатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 27 млрд теңгеге жетпек. Жұмыс жоғары қарқынмен жалғаса береді.
2021 жылы аудан, қалаларда жеке тұрғын үй салу үшін де тиісті жұмыстар қолға алынған. Егер де 2019-2020 жылдар аралығында барлығы 2101 жер телімі бөлінсе, биыл 5000-нан астам жер телімін жеке тұрғын үй салу үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып, жүзеге асып жатыр. Ол жоспар толық орындалса, 2019-2021 жылдар аралығында берілген жер телімі 7559-ға жетеді.
Құрылыс нысандарын аралаған Өмірзақ Шөкеев тұрғындарды сапалы әрі инфрақұрылымы жасақталған тұрғын үйлермен қамту ісі жалғасатынын жеткізді. Тиісті сала басшылары мен құрылыс компанияларына ел алдындағы міндетті шынайы жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Advertisements