Түркістан облысында деструктивті сипаттағы материалдарды таратқан күдіктілер сотталды

180

Түркістан облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жыл басынан бері діни сипаттағы тыйым салынған аудио және бейнематериалдарды тарату күдігі бойынша 22 қылмыстық іс тіркелген. Бүгінде аталмыш деректердің ішінде 7 қылмысқа қатысты 5 күдіктіге соттың үкімі шықты, деп хабарлайды kz.otyrar.kz

Мәселен, 5 күдіктінің үшеуіне тоқталар болсақ, облыс полицейлері әлеуметтік желіде ҚР-да тыйым салынған террористік ұйымның идеологиясын насихаттап, экстремистік бейне және аудио ақпараттарды таратқан Кентау және Түркістан қаласының 3 тұрғынын анықтады. Аталған күдіктілердің теріс әрекеті бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп, нақты дәлелдер жинақталып, айыптау актісімен іс сотқа жолданған. Бүгінде күдікті үшеу соттың үкімімен кінәлі деп танылып, олар ҚР ҚК 405-бабы «Қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның қызметіне олардың экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметіне тыйым салу немесе жою туралы сот шешімінен кейін қатысу және ұйымдастыру» және 256-бабы «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бойынша кінәлі деп танылып, бірінші тұрғын 7 жылға, екінші тұрғын 5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тағайындалса, үшінші жас жігіт 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға діни-деструктивті сипаттағы тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы ескертеді.

Advertisements