Қоймадағы оқ-дәрілерді ұрлағаны үшін қанша әскери сотталды?

213

Бас әскери прокуратура 2021 жылы әскери қызметкерлер тарапынан қоймадағы оқ-дәрілерді ұрлау бойынша қанша қылмыстық іс тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды  inbusiness.kz 

“Биыл әскерилер тарапынан қоймадағы оқ-дəрілерді жымқыру бойынша 2 факт анықталды. Бірінші қылмыс бойынша 1 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, ал екінші іс тергеліп жатыр”, – деп жазылған Бас әскери прокуратура жіберген хатта. Ресми органның дерегінше, өткен жылы әскери қоймадағы оқ-дəрілерді ұрлау бойынша 1 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар Бас әскери прокуратура 2019 жылғы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі жойқын жарылысқа қатысты тексеріс жүргізілгенін атап өтті. “2021 жылғы 26 шілдеде бұл дерек бойынша Шымкент гарнизонының əскери соты 16 адамды соттады (салғырттық, қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларын бұзу, қызметтік жалғандық жасау). Сотпен анықталған қылмыстың мəн-жайы (себептері) үкімде көрсетілген, сотталушылар шағымданғандықтан үкім заңды күшіне енген жоқ. Арыста орналасқан арсеналдағы өрттен кейін әскери прокуратура органдары Қорғаныс министрлігінің қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дəрілердің сақталуына тексеріс жүргізді. Олардың нəтижелері жəне қадағалау актілері туралы ақпарат таратылуы шектеулі мəліметке жатады (“Ақпаратқа қол жеткізу туралы” заңның 11-бабы 16-тармағының 3- тармақшасына сəйкес ақпарат берілмейді), – деп жазылған хатта. Арыстағы жарылыстан 4 адам қаза тапқан болатын: екі әскери қызметші, бір жергілікті тұрғын және бір бала.  Сондай-ақ ресми орган Жамбыл облысындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын атап өтті. “Байзақ ауданындағы қойманың жарылу фактісі бойынша бүгінде Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 453, 462-баптары (қызметке салғырт қарау, қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүргізіп жатыр”, – деп жазылған хатта. Сонымен қатар Бас әскери прокурор Дастан Сартаевқа “Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін өз еркіңізбен қызметтен кету туралы ойландыңыз ба?” деп сауал жолдадық, алайда ресми орган сұрақты жауапсыз қалдырды. Айта кетейік, биыл 26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыстан 17 адам көз жұмды: азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, 6 әскери қызметкер, 1 әскери прокурор.  Дәурен Ерболат

Advertisements