Шымкентте көз ауруларын емдейтін клиника ашылды

217

Шымкентте көз аурулары бар науқастарды қабылдайтын клиника ашылды. 1934 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Алматы Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институты қаламызда клиникасын ашты, деп хабарлайды egemen.kzҚазақстанның оңтүстік өңірі бөлімшесі санатындағы бұл клиника озық медициналық жабдықтармен қамтылған.  Заманауи үлгідегі жаңа медициналық орталықтың ашылу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері және Шымкент қаласының әкімі қатысты.  Ашылу рәсімінде сөз алған қала басшысы Мұрат Әйтенов клиниканың ашылуы арқылы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке, білікті дәрігерлерден кеңес алуға қолжетімділігі артқанын атап өтті.«Бұл клиника Шымкент қаласымен бірге Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Күрделі ота жасату үшін тұрғындар бұрын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барса, енді мұндай күрделі оталар қаламызда жасалады.  Медициналық көмек сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Биылғы жылы қаламызда 5 медицина орталығы ашылды. Соңғы 2 жылда медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 12,9 млрд. теңге бағытталды. Жаңару көрсеткіші 81 пайызға жетеді. Алдағы 5 жылда 1 мың орындық аурухана, 10 емхана, 12 дәрігерлік амбулатория салынады. Жыл сайын 300 дәрігер шет елдерге біліктілігін арттыруға жіберіледі»,  деді М.Әйтенов.  Шымкент қаласында ашылған клиника тұтас оңтүстік өңірінің тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Мұнда күндізгі және тәулік бойы станционарлар ашылып, 38 төсек орны дайындалған. Клиникада консультативті-диагностикалық, лазерлік ем бөлімшелері ашылған.  Клиника адам организмінің көру қабілетімен байланысты 15 ауру түрлері бойынша нозологиялық қызмет көрсетіп, ем шараларын жүргізеді. Жоғары медициналық технологиялардың көмегімен 9 ота түрлері жасалып, науқастардың толық қалпына келулеріне дейін дәрігерлік күтімге алынады. Клиникадағы алғашқы ота бүгін жасалады, оған дәрігерлер ұжымы толық дайын. Орталықта 81 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 21 адам тәжірибелі дәрігерлер болса, орта буын медицина қызметкерлерінің саны 30 адам. Қалғандары көмекші персоналды құрайды.

Advertisements