Түркістанда 50 мың теңгенің семинарын 7,3 миллионға өткізген

254

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы мерзімі өтіп кеткен семинарға тендер жариялап, оны өткізуді білім беруге лицензиясы жоқ институтқа тапсырған. Институт нарықтағы бағасы 50 мың теңге болатын қызметті адам басына 1,4 млн теңгеге өткізген. Aikyn.kz сарапшы Әйгерім Қожамен бірге күмәнді тендер мен институттің басқа да тапсырыстарын зерттеп көрді, деп хабарлайды aikyn.kz

Облыстың денсаулық басқармасы 2020 жылы өтіп кеткен семинардың тендерін мемлекеттік сатып алу порталына 2021 жылдың ақпанында жариялаған. 
Тендердің техникалық сипаттамасы бойынша, семинарды өткізу кезеңі – 2020 жылдың қаңтар – желтоқсан аралығында.
Тендер мемлекеттік сатып алу порталына 2021 жылдың 10 ақпанында жарияланған.
2021 жылдың 19 ақпанында тараптар келісім шартқа отырған.
Алайда олар 26 наурызында қосымша келісімшарт жасасқан. Бірақ шартта не өзгергені нақты көрсетілмеген.
Шарт бойынша 7,3 млн теңгеге 5 медицина қызметкеріне «Жүрек-өкпе реанимациясы (BLS,ACLS,PALS)» туралы барлығы 54 сағат семинар өткізу көзделген. Оны орындаушы ретінде шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен «Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС таңдалған.
 Бұл тендерді тағы бір күмәнді тұсы – бағасында. 5 адамды оқыту құны 7,3 млн теңгеге бағаланған. Сонда Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы әр қызметкері үшін 1,4 млн теңге төлеген. 
Аталған институт дәл осы тақырыптағы семинарды Алматыдағы №21 қалалық емхананың 20 қызметкеріне 600 мың теңге өткізген (60 сағат). Сонда емхана әр қызметкері үшін 30 мың теңге төлеген.
 «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы, сарапшы Әйгерім Қожаның айтуыншамұндай курстың нарықтағы бағасы орташа есеппен 50 – 60 мың теңге тұрады. Тіпті, одан да арзанға қызмет көрсететін оқу орындарын табуға болады. 
Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында «BLS/ACLS/ATLS/PhTLS (базалық реанимация (BLS), кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы (ACLS), педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы (PALS), (PhTLS)» кешенді семинар-тренингін 12 адамға дейін өткізу 60 мың теңге (48 сағат) тұрады. Адам көбейген сайын семинар-тренинг құны арзандайды екен.
прайс семинар-тренинг
Сонымен бірге Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институтының білім беру қызметімен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы жоқ болып шықты. Сарапшы Әйгерім Қожаның айтуынша«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 221-бабы бойынша денсаулық сақтау саласында білім беру қызметімен айналысу үшін ұйым аккредитациядан өтіп, лицензия алуы қажет.  Еlicense.kz порталынан Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институтының лицензияларын қарағанымызда білім беру бойынша рұқсат қағазы жоқ екенін анықтадық. Институттың сайтынан да сертификаты, аккредитациясы немесе лицензиясы табылмады.  Сарашының айтуынша, кез келген семинарда, тренингте, курста дәрігердің біліктілік арттыру курсынан өткенін дәлелдейтін куәлік берілуі керек. Бірақ техникалық сипаттамасында ондай талап қойылмаған. «Лицензияланған білім беру ұйымында (медициналық университет, колледж) білім алушыларға QR-коды бар куәлік беріледі, ол бойынша барлық оқу процесі ашық және оны бақылау оңай: ол курсқа қашан қабылданды, қашан аяқтады, кім оқытты, қандай бағдарламалар бойынша  мәлімет көрсетілуі керек», – дейді Әйгерім Қожа. Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы жариялаған тендердің техникалық сипаттамасы талапқа сай жазылмаған. Семинар-тренингтен кейін арнайы сертификат, куәлік беру талап етілмеген, қызмет қандай формада, қайда, қалай көрсетілуі керек екені көрсетілмеген. Сатып алу сайтына жүктелген техникалық сипаттаманы тапсырыс беруші емес, орындаушы толтырғанға ұқсайды. Себебі онда семинарға қатысушы мен тапсырыс берушінің міндеті ғана көрсетілген.
«Жүрек-өкпе реанимациясы (BLS,ACLS,PALS)» семинарының тех.сипаттамасы
«Жүрек-өкпе реанимациясы (BLS,ACLS,PALS)» семинарының тех.сипаттамасы Сонымен бірге Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институты туралы тағы бір қызық деректі байқадық.

Бұл институт мемлекеттік сатып алу порталында 2016 жылдан бері 1000-нан астам тендерге қатысып, оның 99%-іне тек тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен ие болған.

Алғашқы тапсырысында 300 мың теңгеге ҚР Ұлттық ұланының 3660 әскери бөліміндегі 1 медицина қызметкерінің кәсіби білігін арттырып, оқытқан. Оны да сатып алу порталында тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен алған. Мұнда да техникалық сипаттамасы талаптарға сай емес. Яғни ол маманды қалай, қандай форматта оқытқаны, нақты қандай бағытта білігін арттырғаны, қандай куәлік берілгені көрсетілмеген, ешқандай талап қойылмаған.

1000-нан астам сатып алудың көбінің техникалық сипаттамасын ашып қарағанымызда көбінің талапқа сай жазылмағаны анықталды. Тіпті, Қазақстанның түрлі өңіріндегі медицина мекемелерінің кей тапсырысының техникалық сипаттамасы бір-біріне ұқсайтынын байқадық.

Ұқсас техникалық сипаттамалар

Талапқа сай емес техникалық сипаттамалар
Талапқа сай емес техникалық сипаттамалар

Айта кетейік, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 41-бабына сәкес тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу порталында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған нысан бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті. Есепте өнім берушіні таңдаудың негіздемелері, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағалары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттың өзге де талаптары қамтылуға тиіс.

Бірақ Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы бұл институттың қандай негізде шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен таңдалғаны туралы есеп бермеген.  

Advertisements