Түркістан алған ақшасын биыл ақтамады

207

Жыл басында облыс әкімдігі Түркістан облысы әлемдік туризм орталығы болуға лайық деп мәлімдеген еді. Алайда өңір тіпті ішкі туризм бойынша көш соңында қалған, деп хабарлайды malim.kz

2021 жылдың тоғыз айының есебі бойынша, бір ғана Түркістан облысына 80,8 млрд, ал қалған 16 өңірге ортақ 86 млрд инвестиция құйылған. Бір өзіне бүкіл Қазақстан үшін жұмсалған қаражат бөлінсе де, Түркістан іс жүзінде әлі жақсы нәтиже көрсете алмай келеді. Түрлі сала бойынша жасалған рейтингілерде өңір әлі көш басына шыға қоймады. Мысалы, ішкі туризм бойынша келушілерді орналастыру орындарындағы қызмет көрсету бойынша көш басында Алматы (447,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (289,5 мың адам) және Алматы облысы (165,9 мың адам) тұр. Ал Түркістан облысы бұл тізімнің тек 9-орнына жайғасқан: жартыжылдық ішінде орналастыру аумағында тек 94,7 мың келушіге қызмет көрсетілген. Шетелдік туристер ағыны бойынша да өңір елдегі ең нашар нәтижелердің бірімен тізім соңында тұр. Алты ай ішінде тарихи Түркістанға тек 870 шетелдік келген. Салыстырмалы түрде дәл осы уақыт аралығында Алматыда 54,2 мың, Нұр-Сұлтанда 34,9 мың, Қостанай облысында 5,5 мың шетелдікке қызмет көрсетілген. Түркістан өңірін дамытуға бөлінген қаражаттың көп бөлігі құрылыс нысандарына бағытталғанын атай кеткен жөн. Өңір басшылары туристерді тарту мақсатында салынған түрлі нысандар арқылы алдағы жылдары бөлінген қаржы ақталатынын айтады. Әсіресе 10 сәуірде салтанатты түрде ашылу рәсімі өткен “Керуен-Сарай” туристік кешенінен үміттері зор.

Advertisements