Түркістан облысында 4,1 миллион тонна мал азығы әзірленді.

231

Биыл қуаңшылық Батыс өңірлерімен қатар Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарының алқаптарына да кері әсерін тигізіп, табиғи шөп бітік шықпады. Алайда Түркістан өңірінде биыл егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік туып отыр. Облыста мал азығы дақылдарының көлемі 4 мың га ұлғайып, 216,8 мың гектарға орналастырылды. Нәтижесінде биыл облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн. тонна мал азығын дайындау туралы жоспар артығымен орындалды, деп хабарлайды  kursiv.kz

Жүйелі жоспар мен диқандардың еңбегі арқылы 4,1 млн. тонна (108%) мал азығы жиналды. Атап айтсақ, 2,1 млн. тонна жоңышқа, 195,1 тонна сабан, 103,2 мың тонна пішендеме, 1,7 млн. тонна шөп және 39,1 мың. тонна сүрлем әзірленген.  Бұдан бөлек, орман қорындағы жайылым алқаптарды шаруалардың уақытша пайдалануына беру жұмыстары қолға алынды. Әкімдіктің ұйымдастыруымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал, Төлеби аудандары Шардара, Отырар аудандарының орман қорындағы жайылым жерін және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалынды. Осы арқылы 736 агроқұрылымға 842,1 мың га жайылым жер, шөп шабу үшін 47 агроқұрылымға 3 мың га шабындық жер берілді. Биыл 216 мың га жерге егілген астықтың әр гектарынан 15 центнер өнім алу жоспарланды. Алайда жауын-шашынның аз түсуінен әр гектардан 10 центнер өнім түсті. Облысқа 742 мың тонна мал азықтық жем қажет болса, жинақталғаны – 426,3 мың тонна немесе 60%. Қосымша 158 мың тонна жем жиналады деп күтіліп отыр.  Сонымен қатар аудан, қалалардағы 2244 агроқұрылымнан 56 мың тонна азықтық жемге сұраныс түсті. Осы сұранысты орындау мақсатында Ақмола, Қостанай Солтүстік Қазақстан және т.б өңірлерден (бидай, кебек, арпа) сатып алу үшін операторлар белгіленді. Түркістан облысына азықтық жемді жеткізетін 5 бекет анықталды. Олар: Шымкент, Сарыағаш, Түркістан қалалары және Түлкібас, Отырар аудандарының темір жол бекеттері.  Жемді жеткізу үшін тасымалдау шығынын 75% жеңілдетілген бағамен жеткізу бойынша облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арасында келіссөз жүргізілуде.  Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау мақсатында 2021 жылы жергілікті бюджеттен 8195,3 млн теңге қаралған. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 5 177,8 млн. теңге, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға 3 017,5 млн. теңге жоспарланған. Бұл мемлекеттік қолдау мал шаруашылығын тұрақты дамытуға және мал азығымен қамтамасыз етуге үлес қоспақ. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне қысқа қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етуге және шөптің бағасын көтермеу бойынша тапсырмалар беріліп, қысқа дайындық жүргізіліп жатыр.

Advertisements