Оңтүстіктегі қалаларда жылу жүйесі бу-газ қондырғысына ауыстырылады

289

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің онтүстігінде қуаты 2150 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу мәселесі пысықталып жатыр. ҚР Энергетика Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды  inform.kz

«Экологиялық жағдайды жақсартудағы тағы бір маңызды мәселе жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру болып табылады. Сондай-ақ, таза генерациялау көздерін пайдалана отырып, жаңа станцияларды салу қажет. 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобалары аяқталады. Ал Алматы қаласындағы 3 жылу электр орталығын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл орталықтардың жалпы қуаты 1300 МВт болады. Жобаны аяқтау мерзімі – 2026 жылға дейін», -деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол еліміздің онтүстігінде қуаты 2150 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу мәселесі пысықталып жатқанын атады. Бұл жоба Түркістан облысы мен қаласын, Талдықорған, Қызылорда қалаларының экологиясын жақсартады деген есеп бар. «Сонымен қатар, Қарағанды облысының Теміртау қаласында ArcelorMittal Temirtau станцияларын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Орта мерзімді перспективада еліміздегі тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындарды көмірден газға көшіру жоспарланған», -деді министр.

Advertisements