Түркістан облысында 10-нан астам қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған

179
Түркістан облысы бойынша 2019-2021 жылдар аралығында Полиция департаменті және Экономикалық тергеу департаментімен 10-нан астам ірілі-ұсақты қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған.  Биылдың өзінде 2 қаржы пирамадасының жолы кесіліп, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков мәлімдеді.   
«2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде «50% Айналым жобасы»,  «Асыл Инвест», «Айналым 30%» және «30% 3 күн ішінде» деген атаумен «WhatsApp» мессенджерінде салымшылар ретінде 300-ден астам адамды тартқан “С” есімді азаматшаға қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа жолданған. Салымшылар – Түркістан, Алматы облыстарының, Шымкент және Алматы қалаларының тұрғындары. Азаматшаға және онымен үлестес тұлғаларға жалпы сомасы 24 млн теңгеден астам қаржы аударылған», – деді Бақыт Сапарғалиұлы. 
Сондай-ақ, брифингке қатысқан аталған департаменттің 1-Жедел басқармасының басшысы Нұрдәулет Ергешов қаржы пирамидаларының жұмыс істеу тәсіліне тоқталды.  
«Компания өзін «Микроқаржы ұйымы», «Кредиттік бюро», «Допингке қарсы бағдарлама», «Қаржылық қызметтер орталығы» ретінде таныстырады. «Сіз банктен бас тарттыңыз ба? Біз көмектесеміз!», «Ақшаңызды көбейтіңіз», «Тәуекелсіз пассивті кіріс» деген ұрандармен шақырады. Егер сіздің қолыңызда алаяқтарға ақша беру фактісін растайтын құжаттар болса, тез арада заң  тәртібімен талап ету қажет. Егер қаржы пирамидасы әлі де жұмыс істесе, сол компанияға жазбаша шағым жасау керек. Ақшаны қайтаруды талап етіп немесе қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына арыздануға болады. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің сенім телефоны: +7(725-33) 5-77-65+7-775-585-64-75.
Заңсыз қаржы пирамидаларының толық тізімін https://docs.google.com/document/d/1b0Zmtxj9tmD-kUHO1werwevIEZlU0HzB/edit сілтемесінен білуге болады», – деді Нұрдәулет Рысбекұлы.  
Жалпы, Департаментпен ағымдағы жылы 158 қылмыстық іс анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіміне тіркелген. Оның ішінде экономика саласында 45 қылмыстық құқық бұзушылық, ал ауыр санатта 57 қылмыс анықталған. Өндірістен аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке 3 млрд 836 млн  480 мың 759 теңге залал келтірілсе, оның 2 млрд 411 млн 521 мың  591 теңгесі өндірілген. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шара барысында заңсыз ойын мекемелерінің 37 фактісі анықталып, 78 заңсыз ойын залдарының қызметі тоқтатылған.
Advertisements