КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА НӨСЕР ЖАУЫН МЕН ДАУЫЛДЫҢ ЗАРДАПТАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

140
2022 жылғы 24 сәуірде сағат 19:25-те Кентау қаласында желдің ұйытқуы 30-40м/с жетіп, нөсер жауған. Салдарынан қала аумағында орналасқан 2 көпқабатты тұрғын үй, 2 білім, 1 жеке тұрғын үй, қалалық полиция ғимаратының шатыры, көше мен саябақтардың талдары құлап, жарнамалық шиттер зақымдалды. Қала әкімі Р.Аюпов 24-ші сәуір күні кешкі уақытта шұғыл комиссия отырысын жасап, алдымен инфрақұрылымды қалыпқа келтіру, тұрғындар жүріп-тұратын жолдарды тазарту, қаупі бар аймақтарды таңға дейін анықтап реттеу жұмыстарын тапсырды. Білім саласына қарасты 1 мектеп, 1 балабақшаның шатырын қалпына келтіру үшін облыстық білім басқармасына қаржысын қарау бойынша хат жолданды. 2 көпқабатты тұрғын үйдің шатыр жабындылары мекеме тарапынан қалпына келтірілетін болады. Қала көшелеріндегі 5 электр бағанасының құлау салдарынан жарық желілері үзіліп, қаланың 10 пайыз аумағында жарық өшкен. Қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. 1 жеке сектордағы үйге зақым келген. Әлі де қосымша анықтау жұмыстары жүруде. Қала тұрғындарының 5 көлігіне залал келтірілген. Адам шығыны жоқ. Жел салдарынан құлаған 200-ден аса тал кесіліп, орындары тазаланды. Жұмыстарға түнгі уақытта 50-ге жуық, күндіз 60 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Кесілген талдар қажеттілікке қарай тұрғындарға таратылып беріледі. Қала көшелерінде орналасқан 1 көркемдік безендірілген арка, 1 баннер қалыпқа келтірілуде. Қала әкімдігі тарапынан залал келтірілген нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ақау актілері мен сметалық құжаттары әзірленуде. Қазіргі уақытта барлық мекемелер штаттық режимде жұмыс атқарып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements