МАМЫРДА «ТҮРКІСТАН» ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ КЕШЕНІНЕ СУ ЖІБЕРІЛЕДІ

100
Түркістанда құрылысы жүріп жатқан «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы жағажай туризмін дамытуға серпін береді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған нысанға барып, кезекті рет қадағалаудан өткізді. Бұл су кешеніне «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан су жеткізіледі деп жоспарланған.
– Мамыр айында жасанды көлге су жіберілуі тиіс. Суды сараптамадан өткізіп, қауіпсіздігін зерделеңіздер. Су кешеніне алдын ала су жіберіп, жақсылап тексеру қажет. Мұндағы су тек жағажай туризміне ғана емес, қаланы көгалдандыруға да қолданылады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Түркістан» туристік-рекреациялық орталығында демалуға, шомылуға, су спорты түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалады. Жалпы ауданы 85 гектар жерде орналасатын ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңге жалғасады. Жасанды көлдің сыйымдылығы – 2,5 млн. текше метрге жуық. Нысанның жер жұмыстары 100% аяқталған. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын. Жағажайда емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаш отырғызылып, балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланып отыр.
Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр. Бұл жобалар да облыс әкімінің бақылауына алынған. Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, құны 26,9 млрд. теңгені құрайтын 5 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Түркістан қаласын дамыту бойынша кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,3 трлн. теңге, оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.
Шаһарды дамытудың ІІ кезеңі 4 аумақта іске асырылады. Атап айтқанда, әуежай аумағында ауыл шаруашылығы және басқа да сепінді жобалар қолға алынған. Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынып жатыр. Сонымен бірге Б.Саттарханов даңғылы бойында спорт кешені, «Яссы» желілік саябақтары бой көтеріп келеді. Мәдени-рухани орталықта «Әзірет Сұлтан» музей қорығы маңы абаттандырылып, «Қылует» мешіті, аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы іске асырылмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements