ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЗДЫҚ ДАҚЫЛДАРДЫҢ 21% ЕГІЛДІ
Биыл Түркістан облысында егіс көлемі 848,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алқабы 3 мың га артып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов хабарлады.
Оның айтуынша, егістікті әртараптандыруға сәйкес, биыл мал азығы дақылдарына көңіл бөлініп, егіс көлемі 13 мың га артып, жалпы 228 мың га алқапқа егіледі.
«Бүгінгі таңда жоспарланған жаздық дақылдардың 21% егілді. Өткен жылмен салыстырғанда көктемгі дала жұмыстары бір аптаға ерте басталды. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 22 701 дана ауыл шаруашылық техника қатысуда. Жоспарланған жер жырту жұмыстары 95% орындалды, 106 мың га жерде сор шаю жұмыстары толықтай жүргізілді. Биылғы жылдың өнімі үшін егілген 177 мың га күздік бидайдың жағдайы жақсы. Қоректендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Түркістан облысындағы ауыл шаруашылық дақылдары 100% тұқыммен қамтамасыз етілді. Осы тұқымдардың 50% субсидиялау мақсатында 600 млн теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Аграрлық несие корпорациясынан 6%-бен 5,3 млрд теңге несие қаржы қаралып, 3,6 млрд теңгесі 783 тауар өндірушіге таратылды. Бұдан бөлек, 60 мың тонна минералды тыңайтқышты дер кезінде жеткізу үшін «ҚазАзот» ЖШС келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда облыста осы қажеттіліктің 50% бар, 10 мың тоннасы таратылды, 25 мың тоннасы қоймада тұр, тауар өндірушілерге күнделікті келісімшартқа сәйкес босатылуда», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыста 47 900 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен беріледі. Бүгінгі таңда 18 мың тонна жанар жағармайдың құны толығымен төленіп, тауар өндірушілерге 6300 тоннасы босатылды. Бағасы тауар өндірушілерге жеткізіп беру құнын қоса алғанда 193-195 теңгеден сатылып жатыр. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда литріне 30-35 теңгеге арзан.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі