ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 90 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ ЖЕР ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысы, Келес ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – жайылым жер. Бұл түйіткіл аудан тұрғындары, шаруалары тарапынан бірнеше рет көтеріліп, шешілуі жолдары қарастырылды. Бүгінгі таңда тұрғындар сұранысына сәйкес 4500 гектарға жуық аумақ ортақ жайылымға берілуі бойынша оң қорытынды алып, жерге орналастыру жобасы әзірленуде.
Жергілікті әкімдік пен осы салаға жауапты органдардың, тұрғындардың ортақ жұмысы нәтижесінде Бозай ауылдық округінен 1375 га, Жамбыл ауылдық округінен 2000 га, Бірлік ауылдық округінен 800 га, Біртілек ауылдық округінен 94,65 га, Бірлесу ауылдық округінен 75 га, Ұшқын ауылдық округінен 75,84 га жер телімдері ортақ жайылымға өтетін болды.
Бұл мәселе бойынша жұмыстар жалғасады. Нақтырақ тоқталсақ, жыл соңына дейін 66 мың гектар жерді шаруалармен меморандум арқылы ортақ жайылымға беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге елді мекенмен қашықтығы 5-10 шақырым болатын 27 мың гектар жайылым жердің иелеріне баламалы түрде жер беру арқылы немесе келісілген тұлғалармен ауданның арнайы жер қорына қайтару көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі